05 Ақпан 2019
542

Теректі ауданында 18 миллиард теңгенің өнімі өндірілген

 

Аудан әкімдерінің тұрғындар алдында есеп беру жиыны бүгін Теректі ауданында жалғасты.

 

 

Облыс әкімі Алтай Көлгінов, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, бірқатар облыстық басқарма басшылары мен аудан тұрғындары қатысқан жиында аудан әкімі Әділ Жоламанов өткен жылғы атқарылған істер мен алда тұрған міндеттер турасында баяндады.

 

Келтірілген деректерге сүйенсек, өткен жылы аудан бюджеті 8 млрд. 555 млн. теңгені, ауданның өз кірістері 1 млрд. 404 млн. теңгені құраған.

 

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5 млрд. 56 млн. теңгені құрап, инвестиция 6 млрд.725 млн. теңгеге жеткен. Орта және шағын бизнес саласында ауданда 18 миллиард теңгеге жуық өнімі өндірілген.

 

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 13 млрд. 802,0 млн. теңгені құраған. «Сырым KZ» шаруа қожалығы 1 млрд. теңгеге 3000 басқа арналған бордақылау алаңын салуды бастаса, «Жайна» ЖШС биыл Шаған ауылдық округінде сыйымдылығы 2700 тонна көкөніс қоймасын салуды жоспарлауда. Инвестор "Жақсымбетов" ЖК 600 бас голштинофриз тұқымды сүтті ірі қара сатып алуды, «Ринго милк» ЖШС сүт-тауарлы кешен салуды және бір мың гектар жерді суландыру жобасын қолға алуда. Сонымен қатар «Жайық-Шалқар» арнасына су беру үшін қалқымалы су сору құрылғысын орнатылған.

 

Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында ауданда құны 435,4 миллион теңгені құрайтын 100 несие және 3 миллион теңгеге 2 грант мақұлданған. 1384 бизнес субъектісінде 4958 адам жұмыс жасайды.

 

Аудан бойынша 27,7 шақырым жол жөнделді. Федоровка-Ақсай бағытындағы тас жолдың 14,8 шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, Алғабас ауылының кіреберісіне 12 шақырым жол салынған. Биылғы жылы Ақсуат ауының және Ақжайық шипажайының кіреберіс жолы, Подстепный ауылындағы көше жолы жөндеуден өтеді.

 

 Жалпы тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі 1 млрд. 525,3 млн. теңгені құрайды. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша  12 жоба қолға алынып, Федоров ауылында 16 жалдамалы тұрғын үй пайдалануға берілген. Ақжайық және Федоровка ауылдарында 60 пәтерді құрайтын үш қабатты тұрғын  үйлер салынуда. Жеке тұрғын үй секторында көлемі 16 093 шаршы метр болатын 151 үй пайдалануға берілген.

 

Ауданның 33 елді мекеніне газ жетіп, халықты көгілдір отынмен қамту көлемі 86,1%-ды құраған. Өткен жылы 7 елді-мекендерге газ жеткізу жұмыстары басталған болса, биыл 6 ауылды көгілдір отынмен қамту жоспарланған.

 

Аудан бойынша 18 елді мекен,  жалпы аудан халқының 55 % орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар биыл 6 ауылды сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

 

Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен 96 тұрғынға несие беріліп, 834 жаңа жұмыс орыны ашылған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауданға 106 жас маман келіп, оларға мемлекеттік қолдау көрсетілген.

 

Сонымен қатар аудан әкімі Әділ Жоламанов білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласындағы атқарылған істер, қолға алынатын жұмыстар туралы да айтып өтті.

 

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен атқарылатын ауқымды жобалармен бөлісті.

 

- Біздің басты мақсатымыз - халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталған Елбасымыздың бағдарламаларын сапалы жүзеге асыру. Осындай халық алдындағы жиындарда тұрғындарды мазалайтын түйіткілдер айтылады. Сол шешімін таппаған мәселелерді білу үшін де есепті жиындар өткізіледі. Сонымен қатар екі жылдан бері облыс орталығы мен аудандарда «Ашық әкімдік» шаралары ұйымдастырылып келеді. Облыс тұрғындарының ұсыныс-пікірлері мен сын-ескертпелері біз үшін маңызды. Теректі ауданы республика бойынша кәсіпкерліктің дамуына ыңғайлы жағдай жасаған бірден-бір аудан болып танылғанын білесіздер. Бұл осы аудан тұрғындарының ұйымшылдығы, бірлігі арқасында жеткен жетістік деп білемін. Тәуелсіз еліміздің, туған өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайту бағытында осылай жұмыла жұмыс жасауымыз керек,-деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.