06 Ақпан 2019
607

Тасқала ауданы 97 % газбен, 95 % таза сумен қамтылған

 

Бүгін Тасқала ауданы әкімі Алдияр Халелов өткен жылда атқарылған істер мен алда тұрған міндеттер турасында тұрғындар алдында есеп берді.

 

Есепті жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
​Жүзеге асқан игі істер және алдағы жоспарлармен бөліскен аудан әкімі әр салаға жеке-жеке тоқталып өтті.

 

Өткен жылғы аудан бюджет 4 млрд 195,4 млн.теңгені құрап, 105,9 % орындалған. Ауыл шаруашылық саласында 416 агроқұрылымда 1971 адам тұрақты жұмыс жасайды.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгерістер бар. «Гитинов» шаруа қожалығымен 465,2 тонна ірі қара мал еті және 43,7 тонна қой еті Ресей Федерациясы мен Армения еліне экспортталған. Инвестициялық жоба аясында «Аманат» шаруа қожалығы қуаттылығы 2000 бас құс фермасын ашуды, мейрамхана құрылысын жүргізу жоспарлауда. «Феррум контракт» компаниясымен қуаттылығы сағатына 2000 бөтелке құрайтын «Су кұю цехының» құрлысы жүргізілуде.

 

Шағын және орта бизнес субъектілері 1 млрд 174 млн. теңгенің өнімі өндірді. Өткен жылмен салыстырғанда өндірілген өнім көлемі 104,4% артты.​
​2018 жылы төрт ауылдың су құбырлары жаңартылып, 165 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылды. Жалпы ауданның 16 елді мекеніне сапалы ауыз су тартылып, қамтылу деңгейі 94,8 %-ті құрайды.

 

Бүгінгі таңда аудан халқының 97,1% табиғи газбен қамтылған.
​Осындай деректерді мәлімдеген аудан әкімі Алдияр Халелов білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласындағы жетістіктерді, Елбасы мақалаларында айтылған бағыттағы жұмыстардың орындалуы барысы туралы да айтып өтті.


Есепті жиынды қорытындылаған облыс әкімі іске асқан жұмыстар мен алда тұрған ауқымды істер турасында айтып өтті. Соның ішінде аудан орталығында 320 орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 140 орны бар балабақша құрылысы, Жастар стадионы мен Жайықбай суармалы каналын қайта жаңғырту жұмыстары, инвестициялық жобалар, соның ішінде қарқынды алма бағы қойындысының құрылыс жұмыстары жүргізілмек.

 

- Халықтың тұрмыс деңгейі жыл санап артып келе жатқандығын өздеріңіз көріп отырсыздар. Біздерде өңір тұрғындарына жақсы жағдай жасау мақсатында жұмыстанып келеміз. Бұрын Тасқала ауданының жол жағдайы өте нашар болатын. Елдегі «Нұрлы жол» бағдарламасының нәтижесінде аз ғана уақытта сапалы жол салынды. Көршілес Ресей елімен шекаралас орналасқан аудан жолымен тек өткен жылдың өзінде 1 миллион 200 мың автокөлік өткен. Ауданда ауыз су, көгілдір отын, тұрғын үй салу секілді маңызды жұмыстар да қарқынды атқарылып келеді. Бүгінгі таңда бұл аудан халқының 97 % газбен, 95 % жуық таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл басқа аудандармен салыстырғанда үлкен жетістік. Қалған елді мекендерді де қамту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Біздің міндетіміз- Елбасының Жолдауында айтылған тапсырмаларды, халық игілігі үшін жасалған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру болып табылады. Осы бағыттағы бірігіп атқарылар еңбегіміз жемісті болсын,-деді Алтай Көлгінов.

 

Сонымен қатар өңір басшысы аудан ауылдарды қажетті мамандармен қамтуда жақсы жолға қойылғандығын айтты. Бүгіннің өзінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен бірнеше жүздеген жас маман қызметке кірісіп, оларға мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілген. Ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал өсіру, егін егу секілді маңызды салаларды одан әрі даму үстінде. «Президенттің бес әлеуметтік бастамысы» Үндеуіне сәйкес өңірдегі 67 мың тұрғынның, Тасқала ауданы бойынша 2000-дай адамның салық ауыртпалығы жеңілдетілген. Өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға 253,9 миллион теңге шағын несие берілген. Облыс бойынша ең төменгі жалақы алатын 121 мың адамның жалақысы өсірілген болса, соның 1171-і Тасқала ауданының тұрғындары.

 


 

 

Фото: Александр Куприенко