06 Ақпан 2019
513

Бәйтерек ауданында 20 мың шаршы метр тұрғын үй салынған

 

 

Бүгін Бәйтерек ауданында аудан әкімі Асхат Шахаровтың тұрғындар алдында есепті жиыны өтті. Ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған істер және жоспарланған жұмыстар баяндалған жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, облыстық басқарма басшылары мен аудан тұрғындары қатысты. 

 

         Бәйтерек ауданының өткен жылғы жеткен жетістігі мен алдағы атқарылар істері жиналғандарға бейнебаян арқылы көрсетілді.

 

         Аудан әкімінің баяндамасында келтірілген деректерге тоқталсақ, өткен жылы инвестиция көлемі 91,9 млрд. теңгені құрап, өндірілген өнім 166,3 млрд. теңгеге, өнім өңдеу саласының кірісі 18,1 млрд. теңгеге жеткен.

 

          «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауданға 123 жас маман келіп, оларға 432,8 млн. теңге несие, 6,9 млн. теңге демеуқаржы төленген.

 

         Ауыл шаруашылығы саласында 29,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Шағын және орта бизнес саласындағы 2293 бизнес субъектілері 16,2 млрд. теңгенің, 32 шағын кәсіпорындар 720 млн. теңге ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірген. «Агропродукт ЛТД» ЖШС сыйымдылығы 3000 бас ірі қараға есептелген бордақылау алаңын салуда. Сонымен қатар «World Green Company» ЖШС жобалық құны 13 млрд. теңгені құрайтын жылыжай салуды жоспарлауда.

 

Аудан халқының 80% таза ауыз сумен, 91,4% көгілдір отынмен қамтылған.

 

         Өткен жылы аудан бойынша 20 801 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар Дариян ауылында 100 кісілік жатақханасы бар 300 орындық мектеп салынды.

 

         Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті демеушілердің қолдауымен 72,6 млн. теңгеге 10 жоба іске асырылған.

 

         Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласындағы атақарылған істер туралы айтқан аудан әкімі Асхат Шахаров биылғы жылы қолға алынатын жұмыстар турасында да баяндап өтті.

 

         Биыл аудан орталығында екі қабатты 12 пәтерлі қос үй және бір пәтерлі 23 тұрғын үй салынатын болады. Сонымен қатар 4 елді мекенге таза ауыз су, 8 елді мекенге газ тарту жұмыстары басталады.

 

         -Бәйтерек ауданына қатынайтын күре жолды «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткіздік. Енді аудан тұрғындары жол азабын тартпайтын болды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да тұрғын көптеп үй салынуда. Тек өткен жылдың өзінде облыс бойынша 432 мың шаршы метр үй салынды. Соның 3500 пәтері мемлекеттік бағдарламамен тұрғызылды. Елдегі «7-20-25» бағдарламасымен 145 отбасы баспаналы болды. Енді бұл бағдарламаны аудан-ауылдарда да қолдану жоспарымызда бар. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» өңірімізде сәтті жүзеге асуда.  Бір ғана мысал облыстың 67 мың адамы, оның ішінде Бәйтерек ауданының 3000 тұрғыны салық төлеудегі жеңілдікке ие болды. Бұл игі істер халықтың тұрмысын жақсарту бағытында жасалып жатыр. Сондықтан елдегі бастамалардың жемісін көріп, өңірімізді дамытуға бірге атсалысайық,-деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов.