07 Ақпан 2019
377

«Смарт Ақсай – Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге асуда

 

 Облыс әкімі Алтай Көлгінов  және облыстық басқарма басшылары Бөрлі ауданының әкімі Санжар Әлиевтің халық алдындағы есептік кездесуіне қатысты.  

 

Аудан әкімі өз баяндамасында халықтың сапалы өмір сүруі үшін елдегі қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың ауданда жүзеге асу жайын баяндады.

 

Бүгінде ауданның таза ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 95,7%-ке, ал газбен қамтылуы 100%-ке жетті. Төрт елді-мекенге таза ауыз су тарту жұмысы жүргізілуде.

 

Өткен жылдың өзінде ауданда 60 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 24%-ке артқан. Ақсай қаласында 120 пәтерлі, Кеңтүбек, Пугачев, Қанай, Жарсуат ауылдарында отбасылық үлгідегі жатақханалар салынған. Ақсай қаласында «7-20-25» бағдарламасы бойынша 126 пәтерлі екі үйдің құрылысы басталды.

 

 «Нұрлы жол» бағдарламасының нәтижесінде «Орал-Ақсай-Жымпиты» тас жолының құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы ұзындығы 16,2 шақырым жол жөнделген болса, биыл 19 шақырым жол салынбақ. 2019 жылы жалпы ұзындығы 19 км жолдарды жөндеу жоспарланған.

 

Президенттік бес әлеуметтік бастамасына сай ауданның білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласында қызмет ететін 2472 адамның жалақысы көтерілді. Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында жылпы құны 249,43 миллионды құрайтын 53 шағын несие берілген.

 

 «Смарт Ақсай – Қауіпсіз қала»  жобасы аясында шаһардағы 86 көпқабатты тұрғын үйлерде 1200 бейнекамералар және қала мектептері мен балабақшаларында 300-ден астам бейнекамералар орнатылуда. Аудан орталығындағы «Жастар» стадионын қайта жаңғырту және 17 ауылға көше спорттық-жаттығу ойын алаңдарын орнату жоспарланған.

 

Ауданның төрт ауылында бөгеттерді күрделі жөндеу, Киров және Бумакөл ауылдарында жатақханаларын салу жоспарланған.

 

Аудан әкімі сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласындағы атқарылған жұмыстарды да атап өтті.

 

Есепті жиынды қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов ауданда атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, халықтың сапалы өмір сүруіне бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды одан әрі жүзеге асыра беру керектігін айтты.

ФОТО: Александр Куприенко