07 Ақпан 2019
506

Көгілдір отынмен толық қамтылған аудан

 

Шыңғырлау ауданында аудан әкімінің халыққа есеп беру кездесу жиыны өтті. Есепті жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, бірқатар облыстық басқармалардың басшылары, жергілікті мекеме-кәсіпорындардың жетекшілері мен аудан тұрғындары қатысты.

 

 

Жиында аудан әкімі Альберт Есалиев өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы баяндама жасады.

 

 Келтірілген деректерге сүйенсек, өткен жылы аудан бюджеті 4 млрд. 207 млн. теңгені, өз кірістер есебінен түскен қаражат 386,6 млн. теңгені құрап, жоспар 106,8 %-ға орындалған.

 

Өнеркәсіп өңімінің көлемі 842,8 млн. теңгеге, инвестициялар көлемі 2 млрд. 626,5 млн. теңге жеткен. Өндіріс көлемі 1 млрд 550 млн. теңгені құрады.

 

Аудан тұрғындарының 100%-ті газбен, 82 проценті таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы Ақшат және Амангелді ауылдарына сапалы ауыз су жеткізілді.  

 

Ауданда 3162 шаршы метрлі құрайтын 39 үй пайдалануға берілді. Биыл аудан орталығында үш қабатты 45 пәтерлі, төрт ауылда 10 екі пәтерлі тұрғын үй салынатын болады.

 

Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай жолдарының 8 шақырымы және аудан орталығының басты көшелері күрделі жөндеуден өтті.

 

Аудандағы шағын және орта бизнестің 694 субъектісінде 962 адам жұмыс жасайды. Өндіріс көлемі 1 млрд 550 млн. теңгені құрады, бұл 24% артық. Сәйкесінше, шағын және орта бизнестен мемлекеттік бюджетке төленген салық сомасы 80,6 млн. теңгені құрады.

 

Ауданда балалардың мектепке дейінгі біліммен қамтылуы 100% құрайды. Барлық балабақша бейнебақылау камераларымен қамтылған. Шыңғырлау жалпы орта білім беретін мектебі күрделі жөндеуден өтіп қолданысқа берілді.

 

Өз баяндамасында аудан әкімі ауыл шаруашылық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт, қоғамдық тәртіп, жастар мәселесі туралы да айтып өтті.

 

Есепті жиынды қорытындылап, айтылған сауалдарға жауап берген облыс әкімі Алтай Көлгінов облыс көлеміндегі атқарылып жатқан істерге тоқталып өтті.

 

-Елбасымыздың саясаты мен елдегі мемлекеттік бағдарламалардың оң нәтижесі арқасында халықтың тұрмыс сүру деңгейі артып келеді. «Нұрлы жол» бағдарламасымен облыс аумағындағы жолдар жөнделіп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көптеген тұрғын үйлер салуда. Өткен жылы басталған «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1,1 млрд. теңгеге 145 пәтер берілді. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында облыстағы 67 мың адам, ал Шыңғырлау ауданындағы 1397 тұрғын салық жеңілдігін пайдаланады. Жастарға қолдау көрсету мақсатында 148 грант беріліп, 5 жатақхана салынатын болады. Кәсіпкерлікті қолдау аясында 4,3 млрд.теңге қаржы бөлініп, 1242 адам шағын несиеге қол жеткізді. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында Шыңғырлау ауданында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Облыс орталығымен қатынайтын жол жөндеуден өтті. Аудан-ауылдар таза ауыз сумен, көгілдір отынмен қамтылып, тұрғын үй салу да қарқынды жүргізілуде. Бұл істер мемлекеттің қолдауымен ел экономикасын арттырып, халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында жасалып жатқан істер,-деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

 

         Сондай-ақ өңір басшысы аудан-ауылдардың тазалығы мен абаттандырылуына көп көңіл бөлу керектігін баса айтты. Облыс әкімі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойы қарсаңында Елбасы ұсынған «Жасыл қала - жасыл ауыл» жобасы аясында өңірімізді көгалдандыру, тал-терек егу жұмыстар жұмыстары қолға алынатынын хабар етті. Сонымен қатар жастар құрылыс жасақтарын құрып, өңірдегі құрылыс жұмыстарына атсалысуға шақырды.