07 Ақпан 2019
506

Жобалық кеңсенің жұмысына оң баға берді

 

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров өңіріміздегі «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жұмыс барысымен танысып, сарапшылық кеңес мүшелерімен басқосты.

 

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыста жүзеге асқан және алдағы уақытта жоспарланған жобалар жан-жақты талқыланған жиынға облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумов қатысты.

 

Өңірлік жобалық кеңсенің жетекшісі Салтанат Тұманбаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облысымызда 2018 жылы 449 шара өткізілгендігін, «Туған жер» арнайы жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 254 жоба, оның 252-сі демеушілер мен меценаттар тарапынан жасалынғандығын айтты. Аталмыш жобалардың 223-і ауылдық округтерде, 20 жоба аудандық, 9-ы қалалық деңгейде 204 меценаттың қолдауымен жүзеге асырылған.

 

Өз кезегінде Нұрлан Мәжитұлы өңірімізде іске асырылған жобаларға оң бағасын беріп, жиналған қауымның айтар өтініш-тілектері болса, ортаға салуды ұсынды.

 

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің бөлім жетекшісі, ф.ғ.д., профессор Мұрат Сабыр өңірімізде мықтап қалыптасқан ғылыми әлеуетті, ғалымдардың білімін пайдалана отырып, келешек ұрпақ үшін ғылыми мұра ретінде кітап қалдыру мәселесіндегі қиындықтар туралы, БҚО әкімдігі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ихсанова облыстық ассамблея мүшелерінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан іс-шара жайын баяндады. ҚазИИТУ-дағы «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Сайлау Сүлеймен ерікті донорларға төлемақы көлемін арттыру және түрмеде отырған қаракөздерімізді ортасына оралтып, өмірге бейімдеу ісін жандандыру туралы, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музей меңгерушісі Нұржан Төлепов біздің өңірден ұсынылғанымен, Қазақстанның қасиетті жерлері топтасқан жинаққа енбей қалған бірқатар тарихи ескерткіш пен нысанды тізімге енгізу жайында, ал М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың оқытушысы Тұрар Шайхиев ҚР Үкіметі жасақтап жатқан педагог мәртебесі туралы заңда балабақша тәрбиешілерінен бастап, орта және жоғары оқу орны оқытушыларының да мүддесі тысқары қалмауы туралы ұсыныс білдірді.

 

Барлық ұсынысты ынта қойып тыңдаған Нұрлан Мәжитұлы айтылған жайттарды жұмыс барысында ескеруге уәде берді.