08 Ақпан 2019
554

Биыл Сырымда 36 пәтерлік тұрғын үй салынады

 

Аудан әкімдерінің тұрғындар алдындағы есепті жиыны Сырым ауданында қорытындыланды. Өткен жылғы атқарылған жұмыстармен алда тұрған міндеттер баяндалған жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев, бірқатар облыстық басқарма басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.

 

Тұрғындар алдында есеп берген Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев бірқатар деректерге тоқталып өтті. Мәселен, өткен жылы аудан бюджетінің көлемі 4 млрд. 519 миллион 300 мың теңгеге орындалды. Аудандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 249,8 млн. теңге, инвестиция көлемі 2 млрд. 162 млн. теңгені, жеке сектор қаражаты есебінен тартылған инвестиция көлемі 1 млрд. 269 млн. теңгені құраған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 9,6 млрд. теңгені құрады. Мемлекеттен ауыл шаруашылығы саласына  391,4 млн. теңгеге қолдау көрсетілген. Ауданда 100 басқа арналған ірі қара малын бордақылау алаңы салынды, мал сою пункті ашылды. «Жібек жолы» шаруа қожалығы ауысымына 25 бас ірі қара және қой сою пункті осы жылы іске қосылмақ. Шағын және орта бизнес саласында 1239 шаруашылық субъектілері тіркелсе, оларда 2280 адам қызмет етеді. Аудандағы 102 кәсіпкерге 492,2 млн. теңге несие беріліп, нәтижесінде 436 жұмыс орындары ашылды. Биыл Сырым ауданының кәсіпкерлері халыққа қызмет көрсету саласында бірнеше нысандарды (автокешен, авто жанар-жағармай кешені, құс фермасы, қымыз бен шұбат өнімдерінің өндірісі) ашуды көздейді. Сонымен қатар «Уайс» шаруа қожалығы 3 млн. теңгеге қайтарымсыз грант  алып, гидропон әдісімен, жасанды ортада өсімдік өсірумен және құс өсірумен айналысуды жоспарлап отыр.

 

 Бүгінде аудан тұрғындарының 82,6% орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы  Бұлдырты ауылының ауыз сумен қамту жүйесі жаңғыртылды.  Биыл Қосарал, Жетікөл, Аңқаты, Тоғанас, Құспанкөл елді мекендерінің ауыз су желісін қайта жаңғырту  жұмыстары жүргізіледі.

 

Шағырлой,  Қособа, Жырақұдық,  Бұлан, Жамбыл, Жымпиты  ауылдарын таза ауыз сумен қамту мақсатында Жымпиты-Кеңащы топтама су құбырының құрылысы бойынша жұмыстар басталды. Аудан халқының 99% көгілдір отынмен қамтылған. Биыл Өлеңті ауылының Күсепқалиев көшесіне және Жетікөл елді-мекенінің Бұлдырты көшесіне газ тарту жұмыстары басталады.

 

Сырым ауданында өткен жылы 6121 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 155,9 пайызға артып отыр. Биыл Жымпиты ауылынан жобалық құны 467,2 млн. теңгені құрайтын  үш қабатты 36 пәтерлік тұрғын үй салынады. Сондай-ақ, Алғабас  ауылында 10 бір пәтерлік арендалық тұрғын үй құрылысы,  15  тұрғын үй орнына ИКЖ жүргізу жұмыстары жоспарлануда.

 

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап аудандағы 2200 жалақысы төмен жұмысшыларға салық жеңілдігі жасалып отыр.

 

Сондай-ақ аудан әкімінің баяндамасында жол құрылысы, абаттандыру, әлеуметтік сала, қоғамдық тәртіп, цифрландіру, Елбасының «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларынан туындаған міндеттердің орындалу жайы да айтылды.

 

Есепті жиында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев өңірде атқарылған жұмыстарды атап өтіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалатынына сенім білдірді.