13 Ақпан 2019
445

Қала бюджеті жыл санап артып келеді



Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев өткен жылғы атқарылған жұмыстармен биылғы қолға алынатын ауқымды істер турасында шаһар тұрғындармен есепті жиын өткізді. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов, барлық басқарма басшылары, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.

 

Есепті басқосуда қала әкімі әр сала бойынша жеткен жетістіктермен алда тұрған жетістіктер туралы баяндады.


Қала бюджеті 2017 жылы 32,4 млрд. теңгені құраса, өткен жылы бұл көрсеткіш 41млрд. 368,9 млн. теңгеге жеткен. Есепті мерзімде өндіріс өнеркәсібіндегі өнім көлемі 166 млрд. теңгеге, негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 93 млрд. теңгеге жеткен.


Сонымен қатар құны 6 млрд.теңге болатын 7 жоба іске қосылып, 140 жаңа жұмыс орны ашылған. Жалпы қала бойынша өткен жылы жұмыспен қамтылғандар саны 5300 тұрғынды құраған.


Жол жөндеу, тұрғын үй салу мен инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды істер атқарылған. Өткен жылы шаһарда 50 шақырымды құрайтын 50 көшенің жолдары жөнделген. Деркөл және Зашаған кентерінде жаңадан 3 мектеп (2100 оқушыға) ашылып, қолданысқа берілді. Жыл соңында 132 пәтерді құрайтын 6 жаңа тұрғын үй пайдалануға берілген. Инвесторлардың қаржысымен 1400 коммерциялық пәтерлер салынған. «7-20-25» бағдарламасымен тұрғын үй алуға ниетті 244 өтініш берушінің 144-і өз пәтерлеріне қол жеткізген.


Есепті жиында шаһар басшысы сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт, жастар саясаты, цифрландыру, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту секілді өзекті салаларға да тоқталып өтті.


Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірде атқарылып жатқан игі істер тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған елдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында жасалып жатқандығын айтты.


-Тек Орал қаласында қаншама жұмыс атқарылғандығын бейнебаяннан және қала әкімінің есебінен тыңдап көрдіңіздер. Бұлардың барлығы мемлекетіміздің, қала берді сіздер мен біздің жеткен жетістіктеріміз. Осыдан аз уақыт бұрын шаһардағы жолдар мен тұрғын үйлердің жағдайы естеріңізде шығар. Тек соңғы 5-6 жылдың ішінде ауқымды жұмыстардың атқарылғанына куә болудасыз. Бұлардың барлығы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында жасалуда. Облыс үшін Орал қаласының маңызы зор. Аудандар шаһарға, шаһар Астанаға, Астана дамыған мемлекеттерге қарап бой түзейді. Сондықтан тарихи қаламызды одан әрі көркейтуге, дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасын таба беретін болады. Сүйікті қаламызды гүлдендіре түсуге бірлесіп ат салысайық,-деді облыс әкімі А.Көлгінов.