14 Ақпан 2019
529

Су тасқынының алдын алу жайы пысықталды

 

Бүгін облыс әкімдігінде өңір басшысы Алтай Көлгіновтың төрағалығымен төтенше жағдайлар бойынша комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған облыстық құзырлы басқармалар басшылары мен аудан әкімдері қатысты.

 

Басқосу барысында өңірдегі су тасқынының алдын алу туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашевтың, түскен қардың қалыңдығы және алдағы уақыттағы ауа-райының туралы «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры Нұржан Шияп баяндады.

 

Комиссия отырысында 2019 жылғы су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу жоспарына сәйкес тасқын суларды апатсыз өткізуге бағытталған ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенді жүргізіліп жатқандығы айтылды.

 

Алдын ала гидрометеорологиялық болжам мәліметтеріне сәйкес, БҚО өзен бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі нормадан 50-100%-тен жоғары. Ал өңірдегі қардың ең жоғарғы көрсеткіші 60 см. құрайды. Топырақ қатуының орташа көрсеткіші 30-50 см құраған.

 

Қазіргі таңда, облыстың елді мекендерінен 700 мың текше метрға жуық қар шығарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Су тасқыны жағдайында 2443 жеке құрам мен 707 бірлік техника, 51 жүзу құралдары тартылатын болады. Сондай-ақ қажетті материалдық және техникалық ресурстар жасақталуда. Бүгінде 156 тонна жанар-жағармай қоры, 125 мың дана қапшықтар, 18 мың тонна инертті материалдар мен 173 дана мотопомпалар. Мұз жару  бригадаларын, аэровизуалды шолу жүргізу үшін тікұшақты тарту және ғарыштық мониторинг жүргізу, оның ішінде тасқын кезеңі, қаптар сатып алу бойынша шарттар жасауға қаражат көзделген.

 

Сондай-ақ су тасқынының қаупі бар Орал қаласы, Бәйтерек, Тасқала, Қазталов, Жәнібек, Бөрлі аудандарының әкімдері төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталған іс-шаралар турасында есеп берді. Орал қаласының әкімі М.Мұқаевтың айтуынша, биыл жауған қар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8 есе көп екенін атай отырып, қаланы қардан тазалау шарасына мекеме басшыларымен тиісті жұмыс жүргізілуде.

 

-Аудан әкімдерінің есепті кездесулері аяқталды. Енді барлық күшті су тасқынының алдын алуға жұмылдыру қажет. Керек жағдайда сол аудандағы мекеме-кәсіпорындар да бұл жұмысқа атсалысуы керек. Төтенше жағдай бола қалғанда жол жағдайы қиындайтын ауылдарды күні бұрын азық-түлікпен қамту, науқас және жүкті әйел адамдарды орталыққа жеткізу жағдайын да қарастыруымыз керек. Ауа-райы жылып, еріген қар суын сору жұмыстарымен айналысқаннан гөрі қатты күйінде тұрған қар шығару едіуір жеңіл. Сондықтан бүгіннен бастап барлық елді мекендерде күшейтілген жұмыс тәртібі енгізілсін,-деді облыс әкімі А.Көлгінов.

 

Сондай-ақ өңір басшысы қар суын тиімді пайдаланып, өзен-көлдерге су түсіру жұмыстарын жүргізу, су тасқыны кезіндегі авто жолдарды шайып кетуден қорғау, елді-мекендері мал азығымен қамтамасыз ету жайын да пысықтады.

 

 

ФОТО: Темірболат Тоқмамбетов