18 Ақпан 2019
513

Оралда жаңа кешен іске қосылды

 

Өткен сенбіде Орал қаласында финдік инвестрлардың бастамасымен өңірімізде тұңғыш рет  қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу кешені іске қосылды. Еліміз бойынша «Жасыл экономиканы» дамыту аясында өз жұмысын бастаған кәсіпорынның ашылуына облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

 

 

-Бұл маңызды жоба екі жылдық еңбектің нәтижесінде жүзеге асып отыр. Елімізде өткен «ЭКСПО-2017» көрмесіне барған кезде қатты қалдықтарды өңдейтін финдік компанияның жұмысымен таныстық. Көп ұзамай Финляндия еліне арнайы бардық. Ол елде осыдан 20 жыл бұрын біздегі сияқты күл-қоқыс өңделмеген екен. Еліміздің Астана және Алматы қалаларында да осындай кәсіпорындар салу қолға алынуда. Бұндай кешен алғаш рет біздің өңірде іске қосылуда. Бұл жабаны Фин елімен екі ортадағы келісім аясында өткен жылы бастаған едік. Инвесторлар 400 млн.теңге қаражаттарын осы кәсіпорынның құрылысына жұмсады. Міне бүгін қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен іске қосылды. Біздің ұсынысымызды қолдаған финдік компания өкілдеріне және Фин бизнес хабының директоры Мұхтар Манкеевке алғыс айтамыз. Енді тұрғындар арасында тұрмыстық қалдықтарға деген мәдениетті қалыптастыруымыз керек. Әр адам өз үйінен шыққан күл қоқысты айналаға шашпай, сұрыптап, арнайы белгіленген орындарға салса екен дейміз. Бұл қаламыздың тазалынына әсер ететін бірден бір фактор. Алдағы уақытта аудандардан да осындай кешендер ашу жоспарымызда бар. Болашақта күл-қоқысты кәдеге жаратып, қажетті заттар шығаруға, сондай-ақ биогаз өндіретін жағдайға да қол жеткізетін боламыз,-деді облыс әкімі А.Көлгінов.

 

«ICM Recycling Creen Service Company» компаниясының өкілі Калвер Каппердің айтуынша, аталған кешен жылына 100 мың тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптауға қауқарлы. Жаңадан іске қосылған кәсіпорын бүгінде 45 адамды жұмыспен қамтыса, болашақта толық қуатты жұмыс жасағанда олардың санын 100 адамға жеткізбек.

 

-Бүгінгі таңда біздің елде тұрмыстық қатты қалдықтартың 99 пайызы кері өңделеді. Қазақстандағы бұл көрсеткіш 11 пайызды құрайды екен. Осы кешенді толық іске қосып, өңделетін қалдықтар көлемін 23 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Біз бұл жерден биогаз өндіруді де көздеген едік. Бірақ күл-қоқыс төгетін жерде жинақталған қалдықтардың жие өртенуі салдарынан газ өндіру әзірге мүлкін болмай отыр. Сұрыптаудан қалған қалдықтарды арайы белгіленген жерге жинап, 3-4 жылда биогаз өндіруге қол жеткізетін боламыз. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды жинау мақсатында қала көшелеріне арнайы жәшіктер қойып, балабақшалар мен мектептердегі балаларға қоқысты сауатты сұрыптау бағытында арнайы сабақ өткізбекпіз. Екі арадағы келісім бойынша бас-аяғы тоғыз айдың ішінде сұрыптау кешенін іске қостық. Біздің ұсынысымыздың қабыл алып, барлық жағдайымызды жасаған жергілікті әкімдік пен құзырлы мекемелерге зор алғыс айтамыз, - аталған жобаның құрылтайшысы Калвер Каппер.