18 Ақпан 2019
375

БҚО-да жемқорлыққа қарсы жұмыс белсенді жүргізілуде

 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің БҚО бойынша департаменті 2018 жылы атқырылған жұмыстарды баяндаған алқа отырысын өткізді.

 

 

Отырысқа облыстық және аудандық арнайы мониторингтік топ басшылары мен мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, мемлекеттік мекеме басшылары, аудан әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

 

Жиында департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов Елбасы ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясында сыбайлас жемқорлықтан ада мемлекет үлгісіне берген қозғалыс векторы, мемлекеттік басқарудың барлық саласына ауқымды оң өзгерістерді алып келгендігін атап айтты.

 

-2018 жылы арнайы мониторингтік топтың 6 отырысы өткізіліп, 16 мәселе қаралды. Мониторингтік топтың облыстық және аудандық мүшелері студенттер жатақханасында 23 рейдтік шара өткізіп, 1 заң бұзушылықты анықтады.

 

Мемлекеттен көрсетілетін қызметтерді бақылау бойынша былтыр департамент қоғамдық бақылау шеңберінде «жасырын сатып алушы» әдісі арқылы «Ақжол» шағын және орта бизнесті қорғау Ассоциациясының қолдауымен 87 шара өткізіп, 110 заң бұзушылық анықтады,- деді Болат Әлмұханұлы.

 

Сондай-ақ «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы бірлесе қаладағы №11 мен №20 мектепте тексеру жүргізіп, нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдай жасалған.

 

Ал департамент қызметкерлері қоғамдық ұйым өкілдерімен бірлесе мемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлық профилактика, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің сыйлық алуы және басқа да заңға қайшы әрекет фактілерінің алдын алу үшін рейдтік шара өткізген.