22 Ақпан 2019
383

Аймақтық комиссия отырысы өтті

 

Бүгін облыстық әкімдікте өңір басшысы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша аймақтық комиссияның отырысы өтті.

 

Жиынның күн тәртібінде сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған тың жобалар мен ұсыныстар, мемлекеттік сатып алулар өткізу кезіндегі заң бұзушылықтардың алдын алу туралы мәселелер қаралды.

 

- Халыққа мемлекеттік қызмет көрсететін әрбір адам сыбайлас жемқорлықты болдырмауға міндетті. Жемқорлықтың алдын алатын тың жобалар мен жаңа әдіс-тәсілдер жасақталуы қажет. Тұрғындардан жұмысқа орналастыру барысында талап етілетін № 086у, 083 нысандағы анықтамалары талап етілген жеріне электронды түрде жолдануын іске асыру керек. Электронды техниканың дамыған заманында адам емханаларды жағалап, уақыты мен қаражатын текке жоймауы қажет. Жыл өткен сайын еліміздегі мемлекеттік қызмет көрсету аясы кеңейіп, халыққа қызмет көрсету сапасы да жақсарып келеді. Мемлекетіміздің заман талаптарына сай болуы, экономикасы мен қоғамдық қарым-қатынастары дамыған елдердің санатына жетуі үшін де «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Біздің өңірде де сыбайлас жемқорлықты болдырмау және адами факторды азайту мақсатында цифрландыру саласын дамыта түсуіміз керек, - деді облыс әкімі.

 

Сондай-ақ, өңір басшысы мектептер мен бала-бақшалардағы балаларды ыстық тамақпен қамту мәселесінде де түйіткілдер көп екендігін айтты. Бастауыш сынып оқушылары және аз қамтылған отбасының балаларына тамақ жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен берілетіндіктен, пайда табуды көздеген кәсіпкерлер өздеріне жүктелген жұмыстың жауапкершілігін сезінуі және мектеп басшылығы мен ата-аналардың қатаң қадағалауында болуы қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар қала және аудан әкімдеріне бір айдың ішінде айтылған балаларды ыстық тамақпен қамту жүйесін жаңартуға бағытталған ұсыныстар дайындауды тапсырды.

 

Комиссия отырысында аталған бағыттағы мемлекеттік тапсырыстардың орындалуы, мемлекеттік қызмет көрсету саласын қоғамдық бақылау, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыру жайы да талқыланды.

 

 

ФОТО: Александр Куприенко