22 Ақпан 2019
598

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік нәтижесінде 9 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

 

Бүгін қаладағы Құрманғазы көшесі бойындағы апатты үйдің орнында бой көтерген тоғыз қабатты 64 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл шараға өңір басшысы Алтай Көлгінов қатысып, пәтер иелеріне кілттерін табыс етті.

 

Бұл Орал қаласы бойынша апатты жағдайда тұрған тұрғын үйдің орнына салынып, құрылысы аяқталған төртінші үй. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында салынған көп пәтерлі үйдің 8 пәтері сүрілген үйдің тұрғындарына берілсе, қалғаны «7-20-25» бағдарламаларының қатысушылары және «Тұрғынүйқұрысжинақбанкі» салымшыларына берілді.

 

     - Жыл сайын мемлекет қолдауымен облысымызда мыңдаған пәтер қолданысқа берілуде. Олар өз кезегінде қолжетімді баспана шеңберінде мұқтаж азаматтарға табыс етілуде. Өңірімізде апатты және тозығы жеткен тұрғын үй мәселесін шешу үшін ауқымды шаралар атқарылуда. Бұл жерде өткен ғасырда салынған, тозығы жеткен, апатты  үйлер болса, бүгін заман талабына сай жаңа көп қабатты үйді пайдалануға бергелі тұрмыз. Жеке инвестор мен құрылысшылар еңбегі және мемлекет қолдауының жемісі болып табылатын бұл тұрғын үй - Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге, өмір сапасын арттыруға бағытталған шаралардың көрінісі. Қаламызда тозығы жеткен 200-дей көне үйлер тіркелсе, олардың 41-і ресми түрде апатты деп танылған. Аталған мәселені жою бағытында  жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады,-деді облыс әкімі А.Көлгінов.

 

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында «Каз Холл» ЖШС-і жеке инвестициялар есебінен тұрғын үй құрылысын жүргізді.

 

Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын қаладағы апатты үйлердің саны 52 болған еді. Соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында  11 апатты үй сүріліп, 113 отбасы жергілікті меншіктегі тұрғын үйлерге және құрылыс компанияларының қолдауымен уақытша басқа пәтерлерге қоныстанған. Соңғы екі жылда қос үйдің құрылысы аяқталып, 58 отбасы жаңа пәтерге ие болды.  

 

 

 

ФОТО: Александр Куприенко