21 Ақпан 2019
648

«Адалдық дүкенін» барлық мемлекеттік органдарда ашуға ұсыныс берілді

 

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов айтып берді.

 

-Атап айтсақ, 4 жоғары оқу орны мен 20 колледжде «Integrity shop – Адалдық дүкені» ашылған. Яғни, аталған дүкенде сатушы мен касса болмайды. Алған заттың төлемақысын салу үшін арнайы қорап қойылған. Бұл жемқорлықты болдырмауға септігін тигізбек. «Адалдық дүкенін» барлық мемлекеттік органдарда ашуға ұсыныс берілді, -деді департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Б.Исақов.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жағдайын зерделеу және бағалау. Мониторинг қорытындысына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін облыс бойынша 2018 жылы 41 тұлға сотталған. Оның ішінде 35-і лауазымды, 6-уы жеке тұлға. Сотталған 35 лауазымды тұлғаның 21-і орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері, 9-ы жергілікті атқарушы орган, ал 5-уі квазимемлекеттік сектор қызметкерлері екен.

 

-21-і орталық мемлекеттік орган қызметкерлерінің, 13-і полиция органдары, 2-уі Ұлттық банк, тағы 2-уі мемлекеттік кірістер органы, 1-уі ішкі мемлекеттік аудит және 1-уі әділет департаментінің қызметкерлері. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесі бойынша жемқорлыққа қарсы іс-шаралар пысықталып, ұсыныстар дайындалды.

 

Мониторинг құқықтық статистика мәліметтерін, БАҚ-тағы мәліметтерді жинақтау, өзге де ақпараттар өңделіп, талдау және бағалау тәсілімен жасалған.

 

 Мәселен, «БҚО-дағы сыбайлас жемқорлық туралы қоғамдық пікір» тақырыбымен М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да әлеуметтік сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде сауалнамаға қатысушылардың 90 пайызы сыбайлас жемқорлыққа "кейбір адамдардың қызмет жағдайы, жеке басының мүддесі үшін және мемлекеттік қызметкерлердің қызмет бабын пайдаланып заңды бұзуы" деген анықтама берген. Облыс тұрғындарының басым бөлігі сыбайлас жемқорлық бірінші пара беруден басталатынын көрсеткен.

 

-Сыбайлас жемқорлық қоғамға ерекше әсер етеді. Сауалнаманың қорытындысына сүйенсек, жемқорлық азаматтардың қоғамдық өмірінде маңызды орын алатын салаларда жиі ұшырасады. Сауалнамашылардың 18 пайызы құқық қорғайтын органда, 14-і медицина саласы, әскерге шақыру, жұмысқа орналасу, қызмет бабында өсуде, 12-і жергілікті атқарушы билік пен қаржы саласында, 10-ы білім саласы, оның ішінде орта білім және мектепке дейінгі білім беруде, 11-і орта арнайы білім мен ЖОО-да, тағы 11 пайызы тәртіп сақтау, жергілікті полиция қызметі, кедендік пен төлқұжат тексеруде жемқорлыққа жол беріледі деп есептейді, -дейді Болат Әлмұханұлы.

 

Сауалнамаға қатысқандардың пікірінше, жемқорлық жайлаған салаларды мына үштік бастап тұр. Олардың 19 пайызы денсаулық сақтау саласы десе, 18 пайызының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты және жер қатынасын реттейтін орган екендігіне күмәні жоқ. Ал 17 пайызы көлік пен құрылысты қадағалайтын мекеме деп санайды.

 

Бір айта кетерлігі, әлеуметтік сауалнамаға қатысушылардың 74 пайызы сыйбайлас жемқорлық туралы заң бұзылған жағдайда қандай құзырлы органға жүгіну керектігін жақсы біледі.