23 Ақпан 2019
472

Оралда қар шығару жұмыстары қарқынды

 

Бүгін өнір басшысы Алтай Көлгінов облыс орталығының бірқатар шағын аудандарында болып, қалың түскен қарды қала сыртына шығару, көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарының жайымен танысты.

 

Халық арасында Ысқырық тау аталып кеткен таудың етегінде орналасқан Сарытау шағын ауданында қар шығару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әсіресе биіктен еріген қар суының ауыл ішіне кірмеуі үшін айналма каналдар қазылып, қардан тазартылуда. Сонымен қатар қар көп жиналған көшелер тазартылуда.

 

-Бәріміз жұмылсақ көп іс тындыра аламыз. Тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Әр тұрғын өз үй-жайын судан қорғауға өзі мүдделі болуы керек,-деді Алтай Көлгінов.

 

Шағын ауданды аралап көрген облыс әкімі құзырлы мекеме басшыларына уақытты тиімді пайдаланып, қар шығару жұмыстарының қарқынын арттыра түсуді тапсырды. Сондай-ақ өңір басшысы тұрғындармен жолығып, көктемгі еріген қар суынан келетін келеңсіздіктердің алдын алу үшін әр адам өз ауласын қардан тазарту керектігін ескертті.

 

Айта кетейік, көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында тəулігіне коммуналдық мекеменің 300-ге жуық арнаулы техникалары мен 450 жұмысшысы еңбек етуде. Бас шаһардың барлық аумағындағы қар шығару шарасы белгіленген жоспарға сай жүргізілуде. Осы уақытқа дейін қала сыртына тасымалданған қардың жалпы көлемі 680 мың текше метрге жеткен.

 

 

ФОТО: Александр Куприенко