23 Ақпан 2019
631

Тасқалада су тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізілуде

 

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов арнай жұмыс сапарымен Тасқала ауданында болды. Биылғы қалың түскен қардың салдарынан бұл аудан көктемде су тасқыны болуы мүмкін аймақтар қатарына кірген болатын.

 

Ауданда көктемгі еріген қар суынан келетін келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында ауылдың кіреберісінен ұзындығы 800 метр канал қазылған. Сонымен қатар су басу қаупі бар Шамов каналын, қар суы өтетін тас жол бойындағы сақиналарды қардан тазарту жұмыстары атқарылуда. Аудан орталығындағы көшелері қардан тазартылуда. Ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі А.Молдағұлова, М.Мерәліұлы, Қ.Мұңайтпасов көшелерінің қардан тазарту жұмыстарын тексерді.

 

Сондай-ақ су тасқыны бола қалған жағдайда ауыл тұрғындарын баспанамен, ыстық тамақпен қамту мақсатында Тасқала ауынында үш жерден эвакуациялық пункттер жасақталған.

 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жаслан Жұмашевтың айтуынша, биылғы жылғы қардың мол түсуіне орай облыс орталығымен қатар Тасқала, Бәйтерек, Қазталов аудандарында су тасқынының қаупі бар. Кейбір аудандардағы қардың қалыңдығы қалыпты нормадан үш есе, яғни, 60 сантиметрдан асуда. Ауа-райын болжаушы мекеменің мәміметінше, алдағы аптада қар жауып, бұрғасын болады. Төтеншеліктер Жайық, Шаған, Деркөл секілді өзен-көлдердегі мұз қабатын кесу жұмыстарын бастағалы отыр.

 

 - Су тасқынының алдын алу мақсатында біздің тарапымыздан барлық шаралар атқарылуда. Ауыл тұрғындары өз аулаларындағы қарларды шығарып, үй төбелерін қардан тазартса екен дейміз. Себебі шатырлардағы қарлардың қалыңдауынан үй төбелерінің құлауы жиілеп отыр,-дейді Ж.Жұмашев.

 

Аудандағы көктемгі су тасқынының алдын алу шараларымен танысқан өңір басшысы жұмыс қарқынын арттыруды, қар тазалауға қосымша жеке кәсіпкерлердің техникаларын жұмылдыру керектігін айтты. Сонымен қатар облыс әкімі су тасқынын алдын алу жұмыстарына барлық ауыл түрғындарын, мекеме-кәсіпорын қызметкерлерін, жастар жасақтары мен еріктілер тобын жұмылдыруды тапсырды.

ФОТО: Александр Куприенко