26 Ақпан 2019
540

БҚО-да республикалық «Көктем - 2019» оқу-жаттығуы басталды

 

 

Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының алғашқы күні оқу-жаттығудың басшысы, БҚО әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың төрағалық етуімен аудандық атқарушы орган өкілдерінің күш-құралдарының оқу-жаттығуға дайындығы, өткізілген іс-шаралары туралы баяндамалары тыңдалды. Кеңес «Дабыл-101» белгісі берілген соң басталды.

Бағдат Оразалдыұлы нысандардың апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, төтенше жағдайдың алдын алып, салдарын жою үшін жедел шара қабылдауды тапсырды.

Осы күні таңғы сағат 6-да қызметкерлердің жауынгерлік дайындығын тексеру үшін БҚО Төтенше жағдай департаментінің жеке құрамы шақырылған еді. Жауынгерлік дайындықты БҚО ТЖД бастығының орынбасары, подполковник А.Ахметжанов тексерді. Жаттығу барысында жеке құрам, қызметтік куәлік, офицерлердің жетондары, киімі мен дабыл сөмкелері, оның жинақылығы тексерілді.

Ертең азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің (АҚМЖ) облыстық кіші жүйесі және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарының бағынышты күштерінің оқу-жаттығуы практика түрінде өтеді.