27 Ақпан 2019
362

«Отбасылық сот» жобасы бойынша бесжақты меморандумға қол қойылды

 

Бүгін Оралдағы Салтанат сарайында №2 қалалық соты «Отбасылық сот» пилоттық жобасы шеңберінде бесжақты меморандумға қол қойды.

 

«Отбасылық сот» жобасын толығымен жетілдіру мақсатында №2 Орал қалалық соты ұйытқы болған бас қосуға аудандық судьялар, адвокаттар, прокурорлар, психикалық денсаулық орталығының, қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының, БҚО медиаторлары Одағының, «Ана үйі» қоғамдық қорының өкілдері қатысты.

-Отбасы - мемлекет пен қоғамның іргетасы. Барлық жақсылық атаулы отбасынан бастау алады. Алайда сот өндірісінде отбасылық-тұрмыстық және неке бұзуға қатысты талап арыздар көбеюде. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2018 жылы 2180 отбасылық-тұрмыстық дау-дамайға байланысты талап арыз түсті, оның ішінде 1755-і неке бұзу жөнідегі талап арыз. 2017 жылы - 1743, 2016 жылы - 1409 неке бұзу жөнінде талап арыз түскен. Отбасымен және балалармен жұмыс істейтіндіктен, отбасылық дау-жанжалдарды шешуде судьялардың тәжірибесіне де үлкен талап қойылуда. Бұл жұмысқа психологтарды, медиаторлар мен басқа да мамандарды тарту қажеттігі туындады. Шетел тәжірибесіне жүгінсек, некені бұзу алдында тараптарға татуласу рәсімінен өту, психологпен кездесіп, дәріс тыңдау міндеті жүктеледі. Отбасылық дауларды шешу үшін сотта немесе соттан тыс татуласудың мүмкіндігі зор, - деді жиынды ашқан №2 соттың төрағасы Азамат Борамбаев.

Одан әрі төраға қатысушыларды ҚР Жоғарғы Сотының отбасылық сот жобасын іске асыру туралы ұсынымдарымен таныстырды. Отбасының сақталуын қамтамасыз ету, отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша іс-шараларды өткізу, алғашқы тегін психологиялық көмек көрсетуге жағдай жасау бағытындағы бірлескен бағдарламаларды әзірлеу қажеттілігіне назар аудартты.

Дөңгелек үстел барысында БҚО медиаторлар Одағының төрайымы Алуа Рақышева «Отбасылық сот» жобасында отбасы және неке туралы заңнама саласындағы медиаторларды мамандандыру жайында айта келе, тек қоғам болып бірігу арқылы отбасылық құндылықтарды жаңғыртуға болатынын, отбасылық сот жұмысына кәсіби педагогтар мен психологтарды тартуды  ұсынды.

Пікір алмасу барысында қатысушылар бірлескен әлеуметтік бағдарламаны әзірлеуге қатысты бірқатар ұсыныстарын айтты. Соның ішінде отбасылық мәселелерді шешумен және балаларды қорғаумен айналысатын, сотқа дейінгі сатыда дауды шеше алатын және отбасылық даулар бойынша сапалы кеңес беретін психологтардың, мамандардың кәсіби деңгейін көтеру шараларын өткізу ұсынылды.

Дөңгелек үстел соңында №2 сот, психикалық денсаулық орталығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы, БҚО медиаторлары одағы мен «Ана үйі» қоғамдық қоры өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.