27 Ақпан 2019
889

БҚМУ-да жаңа әліпбиге байланысты облыстық әдістемелік семинар өтті

 

Бүгін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру» институты мен қазақ филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерін меңгертудің ғылыми-әдістемелік аспектілері» тақырыбында облыстық әдістемелік семинар өтті.

 

Семинар жұмысын университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Қажымұрат Ахмеденов ашты. Әдістемелік семинарға университет ғалымдары мен облыстың мұғалімдері қатысты. Семинарға арнайы келген «Болат» медиа мекемесінің президенті, «Үш қоңыр» республикалық әдебиет, мәдениет және өнер газеті редколлегиясының бас кеңесшісі Болат Батыр «Латын әліпбиіне қатысты заманауи мәселелер» тақырыбында баяндама жасап, бұқаралық ақпарат құралдарын жаңа әліпбиге көшіруге байланысты туындап жатқан қиындықтарға да тоқталып өтті.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев «Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиіне қатысты емле ережелерін оқытудың ғылыми-әдістемелік қағидалары», филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр «Латын негізді қазақ әліпбиі емлесінің түйткілді мәселелері» тақырыбында сөз қозғаса, мектеп мұғалімдері де өз ойларын ортаға салды. №44 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-модератор Құралай Темірбаева «Латын әліпбиі – мемлекеттік тіл тірегі», №40 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің І санатты зерттеуші мұғалімі Айнұр Сабырова «Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздікке жасалған жарқын қадам», облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері Райхан Жұмағазиева «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру талабы» тақырыбында баяндама жасап, облыс мектептерінде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

 Семинарда жастар атынан студенттер де сөз алып, өз ойларын ортаға салды. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың филология факультетінің ІІІ курс студенттері Гүлмира Сәрсенғалиева жаңа әліпби емлесінің ережелеріне көзқарастарға шолу жасаса, Шаттық Удаева жаңа әліпби негізіндегі емленің ережелерін меңгерудегі қиындықтарға қатысты ой бөлісті.