27 Ақпан 2019
308

Оралда канадалық компания пилоттық жобаны жүзеге асыруда

 

 

Орал қаласындағы Зашаған кентінің Мұрат Мөңкеұлы көшесінде орналасқан көп қабатты үйдің жертөлесіндегі құбыр желісіне жылу магистралі арқылы келетін ыстық суды арнайы сүзгімен тазалайтын сепаратор орнатылды. Пилоттық жоба «Blak Powder Solutions Inc» канадалық компания мен «Каз Центр ЖКХ» АҚ бірлесуімен Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асуда. Бұл жабдық судың құрамынан тат пен темір оксидін тұтып қалып отырады. Бұған дейін Мұхит көшесіндегі үйде жаңа технология тиімділігі сыналған.

–Біздің акционерлік қоғам тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында инновациялық жобаларды жүзеге асырумен айналысады. Пилоттық жоба аясында қолданысқа енгізу қарастырылып жатқан магнитті сепаратор құбыр желісінің тозуын баяулатып, оның жарамдылық мерзімін екі есеге дейін күшейтеді. «Blak Powder Solutions Inc» компаниясы осы құрылғыны бірнеше үйге орнатып, қысқа мерзімге сынақтан өткізіп отырады. Магнитті сепараторды іске қосу өте қарапайым. Құрылғы ішіндегі магнитті білікке темірдің таты тартылып, жабысқаннан кейін оны бөлек алып, тазалап отыру оңай. Инновациялық технологияның тиімді екені дәлелденсе, елімізде кеңінен қолдану жайы салалық министрлік деңгейінде шешіледі. Канадалық компания әзірше Орал мен Ақтау қаласында ғана пилоттық жобаларын жүзеге асырып жатыр, – деді «Каз Центр ЖКХ» АҚ-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Мырзағалиев.