01 Наурыз 2019
633

Алғыс айту мерекесіндеге келелі кездесу

 

Бүгін Алғыс айту мерекесіне орай Достық үйінде облыс әкімі Алтай Көлгінов өңіріміздің ардақты ақсақалдарымен кездесті.

 

Облыс ардагерлерін мерекемен құттықтаған өңір басшысы Алғыс айту күні тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерінің қазақ еліне ризалышығын білдіру арқылы өзара түсіністігіміз бен сыйластығымызды барша жұртқа жария ететін күн екендігін айтты. 

 

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаев  тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, халықты бірлікке, татулыққа шақырған болатын. Сондықтан 1 наурыз - Ассамблея күні ретінде де аталып өтеді. Біздің бір шаңырақтың астында, Тәуелсіз Қазақстанда көп этностар тұрады. Бәріміз  бір ұлт ретінде, бір мемлекет осы бір шаңырақтың астында еңбек етіп жүрміз. Сол бірліктің арқасында тәуелсіз еліміз дамып келеді. Сондықтан осы Ассамблея күні Елбасының ұсынысымен Алғыс айту күні деп жариялаған. Себебі ол біздің ортақ тарихымызға деген үлкен құрмет көрсету. Қанша этностар тұрса да бұл жерде барлығы бір отбасының азаматтарындай еңбек етіп келеміз. Осы біздің ең басты құндылығымыз. Осы құндылығымызды біз сақтауымыз керек, асыл қасиеттерімізді қастерлеп, дәріптей білуіміз керек. Бүгін де бір шаңырақтың астында елдің дамуына баршамыз аянбай қызмет етудеміз. Сондықтан да осы мереке баршаңызға құтты болсын!, - деді А.Көлгінов.

 

Сондай-ақ, басқосуда сөз алған облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшелері, ауданнан келген ақсақалдар шынайы ықылас-тілектерін айтып, сан ұлттың басын қосып, алға бастап келе жатқан Елбасы саясатын қолдайтындықтарын жеткізді.

 

-Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Бір-біріне алғыс айтуды ұмытпай, тұтастығын бағалай білген ұлттың ұлылығы шексіз. Барлық ұлт пен ұлысқа даладай кең құшағын жайған қазақ халқына алғысымыз зор. Қазақ - ол кешегі жаудың бетін қайтарған Әбілқайыр хан, тек қазақ емес күллі әлем мойындаған Шоқан Уалиханов, даналығы кеше мен бүгінге бағыт көрсеткен хәкім Абай, рейхстагтың төріне жеңіс туын тіккен арыстан жүрек Рахымжан. Қазақ халқы - ол кең пейілдің, ақ жүректің иегерлері. Елімізді мекендеген барлық ұлт пен ұлыстар, қиын сәттерде біздің ата-бабаларымызға көмек қолын созған қазақ атты ұлы халыққа ризашылығы шексіз, - деді Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Александр Ялфимов.

 

Кездесу соңында облыстық ассамблея жұмысына, елдің тұтастығы мен татулығына өздерінің елеулі үлестерін қосып жүрген бір топ ардагерлер алғыс хаттармен марапатталды.