01 Наурыз 2019
435

БҚО-дағы жемқорлыққа қарсы департаменттер өткізген «Ашық есік» қабылдауына 150 тұрғын келді

 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО-дағы департаменттері аймақ тұрғындары үшін «Ашық есік күнін» өткізді.

 

Шарада мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Б.Исақов пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментінің басшысы Р.Ақмырзаев азаматтарды қабылдады.

 

Халыққа құқықтық көмек көрсетіп, мемлекеттік органға деген азаматтардың сенімін арттыру үшін ұйымдастырылған шараға 150 тұрғын келді. Департамент басшылары азаматтардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын тыңдады.

 

Тұрғындарды толғандыратын мәселелердің бірі мемлекеттік қызметке орналасу екен. Сондай-ақ жұмыссыз азаматтардың құқығы түсіндіріліп, мемлекеттік қызметке орналасу аспектілері сөз етілді. Ашық есік күні қолданыстағы заңнамаға сәйкес сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттен көрсетілетін қызметтер туралы түсіндірілді.

 

Ал Болат Исақов студенттерге департамент ғимаратына экскурсия жүргізді. Департамент басшысы студенттерді қызметтерді электронды түрде пайдалануға шақырып, «Цифрлі агент» мобильді қосымшасымен таныстырды.