01 Наурыз 2019
525

БҚО-да үздік спортшыларға стипендия тағайындалды

 

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың төрағалығымен спортшылар мен жаттықтырушыларды спорттық жоғары нәтижеге ынталандыру мақсатында ай сайынғы стипендия тағайындау жөніндегі комиссия отырысы өтті.

 

Ақшалай стипендия алатын спортшылар мен жаттықтырушылардың тізімі әр тоқсан сайын нақтыланып отыратындықтан, бұл жолы комиссия шешімімен 165 үздік спортшы мен 55 жаттықтырушыға және 1 команда басшысына стипендия тағайындалды. 

Облыстық спорт басқармасының басшысы, комиссия төрағасының орынбасары Әсия Аманбаеваның мәлімдеуінше, спортшыларды ынталандыру бағытындағы стипендия жазғы және қысқы спорт түрлері бойынша Ұлттық құрама сапындағы 433 батысқазақстандық спортшыға беріледі. Қазіргі таңда Ұлттық құрамаға біздің облыстан жазғы спорт түрлері бойынша 350 спортшы, ал қысқы спорт түрлері бойынша 83 спортшы алынған.

-Спортшыларды ынталандыру мақсатында облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі 2018 жылға дейін жылына 68 млн. теңгені құраса, 2018 жылдан бастап 123 млн. теңгеге ұлғайды. Азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен тоқсан сайын өтетін комиссия отырысында спортшылар мен жаттықтырушылардың тізімі спорттағы нәтижелеріне байланысты қайта қаралады. Егер үш ай ішінде жоғары нәтижеге қол жеткізіп жатса, сәйкесінше стипендия көлемі де ұлғаяды,-дейді Әсия Рахымқызы.

 Мәселен, Рио олимпиадасының қола жүлдегері, жерлесіміз Екатерина Ларионаваға ай сайын 400 мың теңге стипендия бөлінсе, самбо күресінен әлем чемпиондары Нұрбол Серіков пен Темірлан Ихсанғалиевке тағайындалған ай сайынғы стипендия көлемі 150 мың теңге. Жасөспірімдер арасындағы жазғы және қысқы спорт түрлері бойынша Ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрген спортшылардың стипендиясы 30 мың теңгеден басталады.