01 Наурыз 2019
471

Облыс әкімі: Президенттің барлық тапсырмаларын орындауға дереу кірісуіміз қажет

 

Бұл туралы бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Hұp Отан» партиясының XVIII съезінде айтылған тапсырмаларын өңірде орындауға арналған жиында мәлімдеді.

 

 

- «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде Елбасымыз халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар беріп, әлеуметтік салада жүзеге асырылатын тың бастамалар жайлы айтты. Біздің мiндетiмiз - Елбасының тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді салу болып табылады,-деді облыс әкімі.

 

Әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру жергілікті атқарушы органның басты міндеті бола бермек. Жиында сондай-ақ облыс әкімі аз қамтылған, көп балалы отбасылары басты назарда болатындығын айтты. Өткен жылы 4 мыңға жуық батысқазақстандық отбасы мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алған.

 

Бүгінгі таңда өңірдегі 7 мыңнан астам көп балалы отбасында 28 253 бала тәрбиеленуде. 1051 аз қамтылған отбасына 78,5 миллион тг. атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуде.

 

-Елбасы атап өткендей, қолға алынған бағдарламалардың нәтижесін әр қазақстандық отбасы алдағы болашақта емес, дәл қазір сезіну керек. Мүгедек балаларды өсіріп отырған ата – анаға жәрдемақы көлемін 30% өсіру керектігі де айтылды. Осының өзі аз қамтылған отбасыларына деген үлкен қолдау. Сондықтан биылғы жылдан бастап мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тұжырымдамасына орай облыста 21 мың адам, соның ішінде 12 мың бала қамтылатын болады,-деді облыс әкімі.

 

Ағымдағы жылдың 1-ші шілдесінен бастап:

-Мүгедек балаларды өсіріп отырған ата – анаға төленетін жәрдемақы шамамен 38 мың теңгені құрайтын болады. (бұған дейін 29 мың теңге төленедi);

- Бала жасынан бірінші топтағы мүгедек балалардың ата-анасына 40 538 теңге жәрдем ақы төленеді. (бұған дейiн жәрдемақының көлемі 31 мың теңгені құрайды).

 

Сондай-ақ, өткен жылы:

- 4 мыңға жуық отбасына 107,8 млн.теңгеге тұрғын үй көмегі,

- 400 отбасына 40 млн.теңге шамасында мүгедек баланы оқытуға жәрдемақы,

- 30 мыңға жуық адамға, 837,8 млн. теңгеге әлеуметтік көмектер көрсетілген.