02 Наурыз 2019
447

СЕНБІЛІККЕ 10 МЫҢ АДАМ ҚАТЫСТЫ

 

 

Оралда көктемгі су тасқынының алдын алу бағытындағы дайындық жұмыстары күшейтілуде. Осыған орай бүгін қалада ұйымдастырылған сенбілік жұмыстарын облыс әкімі Алтай Көлгінов пен қала әкімі Мұрат Мұқаев жіті қадағалап, бірқатар ауданды аралап шықты.

 

Облыс және қала басшылары көктемде су басу қауіптілігі жоғары Зашаған кентіндегі «Болашақ» шағын ауданында, Облыстық аурухана және «Ет комбинаты» аудандарында және облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылында болды.

 

Қала әкімдігі ұйымдастырған еңбек шарасына мекеме-ұйым қызметкерлері мен студенттер, еріктілер, тұрғындар атсалысып, жұмыла күш біріктірді. Кәсіпкерлік иелері өздерінің бизнес нысандарының аумағындағы қарды өз күштерімен тазалады. Әсіресе, қаладағы №32 орта мектеп мұғалімдері мен ата-аналарының, орта арнаулы және жоғары оқу студенттерінің белсенділігін атап өтуге болады. Жеке тұрғын үй иелері де қар тазалау жұмыстарынан қалыс қалмай, баспаналарының көктемде суда қалмауына алаңдаушылық танытуда.

 

Бүгінгі сенбілік жұмыстарына шамамен 10 мың адам қатысып, 500-ге тарта техника тартылды. Нәтижесінде 30 мың текше метр қар шығарылып, 15 шақырым арық қардан тазартылды.

 

Биыл Орал қаласынан 800 мың текше метр қар шығарылды.

Айта кету керек, қалың қарды тазалау бойынша сенбілік өңірдік аудандарында да өтті.

 

ФОТО: Виктор Предыбайло,

Темирболат Токмамбетов