04 Наурыз 2019
382

БҚО-да 12 мыңнан астам көп балалы отбасы бар

 

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов «Nur Otan» партиясы БҚО филиалының актив жиынында жаңа әдіспен есептелетін көмекті көп балалы аналармен қатар, бір немесе екі, үш баласы бар аналардың да ала алатынын атап өтті.

 

-Облыста 12 мыңнан астам көп балалы отбасы бар. Аз қамтылған отбасының барлығына да қолдау болады. Бұл ретте жиынтық табыстың көрсетілген 20 789 теңгеден асып кетпеуі қадағаланады. Отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту шараларына тарту және әлеуметтік келісімшарт – атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі қағидаты болып қала бермек. Ең басты мәселе – еңбек қоғамын тәрбиелеу,-деді өңір басшысы.

 

Елбасы тапсырмасына орай, өңірде аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамту және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту жұмыстары басты назарда болмақ.Биыл көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалар бар және аз қамтылған отбасыларға пәтер сатып алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында Орал қаласында 20 көппәтерлі тұрғын үй (2704 пәтер) және ауылдық жерлерде 70 тұрғын үй (439 пәтер) құрылысын қолға алу көзделіп отыр.Соның ішінде облыс орталығында 5 көппәтерлі (954 пәтер) және ауылдарда 50 жалдамалы тұрғын үйлер (319 пәтер) құрылысы басталады. Жыл соңына дейін барлық санаттағы 1700 адамды баспанамен қамтуға мүмкіндік беретін 15 көппәтерлі тұрғын үй мен ауылдардағы 30 үй пайдалануға берілмек, облыста 2025 жылға дейін 8,5 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.

 

Жиында облыстағы білім беру саласының жалақысы төмен 25 мыңнан астам қызметкерінің, денсаулық сақтау саласының 14 мыңнан астам қызметкерінің жалақысы артатыны туралы да айтылды. Олардың қатарында балабақша тәрбиешілері, әдіскерлер, кітапханашылар, психологтар, санитарлар, медбикелер, техникалық қызметкерлер, өңірде сұранысқа ие дәрігерлер және тағы басқалары бар.

 

Активте сөз алған «Nur Otan» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиевтің пайымдауынша, партияның онжылдық бағдарламасы халықтың көкейінде жүрген ең өзекті мәселелерге жауап берумен қатар, ертеңіне деген сенімін арттыруымен құнды.

 

- Республикалық «Бірыңғай әлеуметтік терезе» акциясы аясында қоғамдық қабылдау бөлмесі жанынан әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасыларды қолдау бағытында арнайы жұмыс тобы құрылып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша 170 адам қабылдауда болса, олардың 101-і көпбалалы отбасылар. Көтерілген мәселелердің 70 пайызы – тұрғын үйге қатысты, қалғаны әлеуметтік көмек көрсету бойынша. Материалдық көмекке мұқтаж 33 отбасына депутаттар мен еріктілер тарапынан көмектер көрсетілді. Бұл бағыттағы жұмыстар тек акция шеңберінде ғана емес, жыл бойына жалғасады,-дей келе Талғат Мұратұлы партияның Сырым аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесіп, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына жоғары оқу орындарына түсуге және жұмысқа орналасуға қолдау көрсету мақсатында «Өмірге жолдама» жобасын қолға алғанын жеткізді.

 

Өңірдегі алтын құрсақты, көп балалы аналардың алғысын арқалай келген Теректі ауданына қарасты Федоров ауылының тұрғыны Жанна Әлдибаева еліміздегі ана мен балаға жасалып жатқан әлеуметтік қамқорлық үшін ризашылығын білдірді.

 

- «Баласын – байлығым» деп санаған халықтың ұрпағымыз.Үлкен қызым 10 жаста болса, кенже ұлым 2 жаста. Қазақта «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. Еліміздің демографиясына үлес қосып, үлгілі ұрпақ тәрбиелеу – басты мақсатымыз.Съезде айтылған тапсырмаларды біз үлкен қуанышпен қабылдадық.Ана мен бала, отбасы мәселесі күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе. Бүгінде көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында нақты шаралар қолға алынуда. Тұрмысымыз түзеліп, болашаққа нық сеніммен қарайтын жағдайға жеттік. Өткен жылы мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақыны табыс ретінде есептеу арқылы атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай отырғанбыз, ендігі уақытта атаулы әлеуметтік көмек алуға мүмкіндік алып отырмыз. Осының арқасында біз мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие боламыз. Бұл көпбалалы отбасылар үшін үлкен қуаныш болатыны айдан анық,-деді бес баланың анасы Жанна Әбузарқызы.

 

-Мемлекет тарапынан қамқорлық азаймайды. Үкімет пен жергілікті атқарушы билік Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмаларын жүзеге асыруда қолға алды. Облыстағы әр отбасының әлеуметтік картасы жасақталуда. Жаңа жүйе бойынша әлеуметтік жәрдемақылар ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап төлене бастайды. «Nur Otan» партиясы – халық сенім білдірген партия ретінде алдыңғы шепте болуы керек. Ең басты міндет – халықтың сенімін ақтау,-деп түйіндеді жиынды «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгінов.