07 Наурыз 2019
617

Облыс әкімі өртеніп жатқан үйден екі адамды құтқарған жеткіншекпен кездесті

 

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылында орын алған тұрғын үй өртінде екі адамның өмірін арашалаған Мирас Жүнісовпен кездесіп, ерлігіне алғысын білдірді.

 

 

       -Әркімнің қолынан келе бермейтін ерліктің, қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсеттің. Сонда да нағыз ер азаматқа тән қарапайымдылықты сақтаудасың. Саған осындай тәрбие берген ата-анаңа, жас та болсаң азаматтығың үшін өзіңе де алғысымды білдіремін,- деді А.Көлгінов

 

Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылындағы мектептің 11 сынып оқушысы Мирас Жүнісов ақпан айының 22 күні өртке оранған жер үйден 8 жасар Ғалым Батырбек пен Бейбіт Демеуғалиев есімді ересек адамды құтқарып қалған болатын. Сол маңда тұратын Мирас үйдің жанып жатырғанын, ішінен баланың жылаған дауысы шыққанын естіп, ойланбастан отқа оранған үйге кіріп кішкентай бала мен ер адамды да құтқарып алып шықты.

 

      - Мен бұл әрекетті мақтау есту үшін жасаған жоқпын. Тек адамдарға көмектескім келді. Болашақ өмірімді де елге пайдамды тигізетін кәсіппен байланыстырғым келеді. Бұның барлығы да ата-анамның, білім алып жатырған Байсықов атындағы мектеп ұстаздарының тәрбиесі деп білемін,- дейді  М.Жүнісов.

 

Айта кетейік, Мирас Жүнісов күні кеше Ішкі істер министрлігінің «Қазіргі заман каҺарманы» және «Өртте көрсеткен ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған болатын.