07 Наурыз 2019
491

Өңір басшысы қоғам белсенділері мен көпбалалы аналарды құттықтады

 

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов әр түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзікжандылар мен көп балалы аналарды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай кездесті.

 

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Әйел – әр шаңырақтың шамшырағы, әр отбасының нұр-шуағы, демек, мемлекеттің құт-берекесі» деген керемет сөзі бар. Біздің елде отбасылық құндылықтар мен әйелдер мүддесі үнемі жіті назарда. Жақында өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде Президент халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар берген болатын. Енді аз қамтылған және көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы төленетін болады. Сонымен қатар аз қамтылған шаңырақтарға жалдамалы үйлер салынып, бюджеттік қызметкерлердің жалақысы 30 %-ке артады. Сондай-ақ мүгедек балаларды өсіріп отырған ата-аналарға және бала жасынан бірінші топтағы мүгедек балалардың күтіміне бағытталған жәрдемақы 30 %-ке өседі. Мемлекеттік қызмет, денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақыларын өсіру жоспарлануда. Сіздер біздің өңірдің өркендеуіне айтулы үлес қосып келесіздер. Заманауи отбасының қалыптасуына жағдай жасау және гендерлік теңдікке қол жеткізу қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың ажырамас үрдісі. Біздің өңірде үлкен қызметте жүрген әйел-азаматтар аз емес. Облыс әкімінің, аудан әкімдерінің орынбасарларының арасында, денсаулық сақтау, білім беру, спорт секілді бірқатар басқарма басшылары – нәзікжандылар. Сондықтан ер-азаматтармен қатар еңбек етіп келе жатқан Сіздердің отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Көктемнің жаймашуақ күнімен қатар келген мерекелеріңіз құтты болсын! – деп ақжарма тілегін арнаған өңір басшысы Алтай Көлгінов шараға қатысқан барлық әйелдер қауымына естелік сыйлық пен гүл шоғын табыс етті.

 

Мерекелік басқосуда ақын, «Құрмет» орденінің және Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева мен айтыскер ақын, ҚР-ның Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шолпан Қыдырниязова барша әйелдерді келіп жеткен айтулы мерекемен құттықтап, өлең жолдарын оқып, игі тілектерін білдірді.

 

– Көп балалы аналарды қолдау мақсатында Елбасының жаңадан тағайындап жатқан жәрдемақысы көңілімізден шығып отыр. Мен өзім 12 бала тәрбиелеп отырған анамын. Жалпы, былтырғы жыл ауылымыз үшін сәтті жыл болды деп айта аламын. Бұрыннан ауыз суымыз бар еді, енді көгілдір отын келіп, қолымыз ұзарып қалды. Өте қатты қуаныштымыз. Тұрғындардың игілігі үшін істеп жатқан жұмыстарыңыз қашанда жемісті  болсын. Барлық әйелдерді мерекемен шын жүректен құттықтаймын! – деді шарада сөз алған Бөкей ордасы ауданы, Саралжын ауылының тұрғыны, көп балалы ана Тұрсынай Бегалиева.

 

ФОТО: Александр Куприенко,

Темирболат Токмамбетов