06 Наурыз 2019
250

Облыстық бюджет 150,6 млрд. теңгені құрайды

 

Бүгін өткен облыстық мәслихаттың кезекті 23-сессиясында осындай шешім қабылданды. Сессия жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев қатысты.

 

«БҚО мәслихатының 2018 жылғы 14 желтоқсандағы №21-2 «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі мәселе қаралды. Бұл мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараевтың баяндауынша, облыстық бюджетті нақтылау үшін облыстық бюджет түсімдері жоспарының түзетілуі негіз болып табылады. Жалпы шығыстар Елбасы тапсырмасына сәйкес бірінші кезектегі мәселелерді шешуге бағытталады. Нақтылауға ұсынылған қаржының жалпы сомасы 12,8 млрд.теңгені құрайды. Бюджеттің басты бағыттарының бірі әлеуметтік сала болғандықтан, инвестициялық жобаларды іске асыруды ескере отырып, осы салаға 3 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталды. Соның ішінде 1,5 млрд. теңге жаңартылған білім беру мазмұнына көшуге байланысты облыс мектептеріне кітаптар және оқу-әдістемелік қешендерді сатып алуға, 384,7 млн. теңге мүгедектерді әлеуметтік қолдауға, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге, 100 млн. теңге «Ювенильный дерматомиазит, целиакия, крон ауруы, балаларды церебралді шалдығу» және де басқа нозология бойынша науқастарды тегін дәрімен қамтамасыз етуге бағытталады.

 

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғауды дамытуға 608,8 млн. теңге қарастырылды. Аталған қаражат есебінен эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізу, Бөрлі ауданындағы бөгеттерді, Жаңақала ауданындағы су өткізу құрылыстарын күрделі жөндеу және Жәнібек ауданындағы суландыру каналдарды реконструкциялау жоспарланған. Тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 2,8 млрд. теңге бағытталды. Оның ішінде қаражат Орал қаласында көп пәтерлі тұрғын үй құрылысына, Жаңақала, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Сырым және Теректі аудандарының 6 ауылдық елді мекенінде тұрғын үй құрылысын бастауға және жалғастыруға, Жаңақала, Қазталов аудандары мен Орал қаласында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және абаттандыруға қарастырылды.

 

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 979 млн. теңге бағытталады. Шығыстарда Орал қаласында аула аумақтарын абаттандыруға, сонымен қатар Шыңғырлау, Теректі, Ақжайық, Қазталов, Бөкей ордасы, Теректі және Бәйтерек аудандарының 11 ауылдық елді мекенін сумен жабдықтау қарастырылды. Облыстағы жолдарды ағымдағы және күрделі жөндеуге шамамен 2 млрд. теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде, 1,2 млрд. теңге Бәйтерек ауданының «Үлкен Шаған-Переметное-Вечное» және Шыңғырлау ауданының «Шыңғырлау-Лубенка-Лебедевка» автожолдарын күрделі жөндеуді қоса қаржыландыруға бағытталады. Сонымен сессияда бюджетті нақтылау мәселесі депуттар тарапынан қолдау тапты. Аталған өзгерістерді ескере отырып, облыстық бюджет 150,6 млрд. теңгені құрайды.

 

Сессияда күн тәртібіндегі өзге де мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданды.

 

Келесі сессияның төрағасы болып депутат Құсайын Мұқанов сайланды.