07 Наурыз 2019
298

«Ақжайық» футбол клубы екінші оқу-жаттығу жиынын аяқтады

 

Түркия жерінде өткен жиында негізгі күш команданың құрамын жасақтауға жұмсалды. Қаралымға келген шетелдік және отандық ойыншылар сыналды. Бапкерлер қосынының көңілінен шыққан тәжірибелі шабуылшы Дәуренбек Тәжімбетов, қорғаушы Ильнур Мангуткин және болашағынан үлкен үміт күттіретін Арман Смаилов және Наурызбек Жагоров сынды ойыншылар келісім-шартқа отырды. Cондай-ақ команда қосынына бразилиялық Мелло Корбеллини қосылды.

 

 

Бұл жиын барысында да команда бес жолдастық кездесу өткізді.

 

Алғашқы ойынды Арменияның «Ширак» клубымен өткізген Сергей Зайцев шәкірттері 2-0 есебімен жол берсе, павлодарлық «Ертіске» қарсы ойында Әділет Болатовтың соққан голының арқасында жеңіске жетті. Ал «Слога Македония» командасына қарсы өткізген үшінші ойын 1-1 есебімен аяқталды.

 

Ал команда құрамына биыл қосылған жастарды сынаған беларусьтық «Гомель» футбол клубына қарсы ойын өте тартысты өтті. Терезесі тең өткен ойынның тек соңғы минуттарында өзекті өртеген гол жіберіп алды жастар.

 

Жиындағы соңғы ойынын «Ақжайық» украиналық «Днепр» клубына қарсы өткізді. Алғаш болып гол жіберіп алғанына қарамастан, Сергей Зайцев шәкірттері ойын тізгінін қолдарына ала алды. Украиндардың тез голына қарымта голмен жауап қатып, артынша есепте алға шыққан «Ақжайық» ойыншылары кездесудің алғашқы бөлігін өз пайдасына аяқтады. Гол авторлары: Роман Павинич және Арман Смаилов. 2-1 есебі ойынның 75-минутына дейін сақталып тұрды. Алдымен «Днепр» ойыншылары пенальтиден есеп теңестірді. Кейін қарымта шабуылды тамаша түйіндеп, жеңіске жетті.

 

«Ақжайық» клубының маусымға дайындығы туралы бас бапкер Сергей Зайцев:

 

- Оқу-жаттығу жиынындағы барлық ойында қандай да бір ойынға арнайы дайындалған жоқпыз. Осы екі жиынға жоспарланғанның барлығын орындадық. Екі оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыру мен өткізуге көмектескен әкімшілігімізге үлкен алғыс білдіреміз. Биылғы «Ақжайық» жаңадан құрылып жатыр. Командаға жас ойыншылар қосылды, оларды бір-бірімен ұйымдаса ойнауға жұмылдыру қажет. Қазіргі уақытта команда 80 пайызға жасақталды деп айта аламыз. Маусым басталғанша бір ай уақыт бар, ойынымызды жақсарта түсеміз. Бүгінгі ойынға қайта оралар болсақ, соңғы минуттарда гол жіберіп алуымыздың себебі ұзақ жаттығулардан қажығандықтың белгісі. Әр жеңілістен оң сабақ шығара алсаң, жемісін берері сөзсіз,- деп сөзін түйіндеді.

 

- Жаттығу аяқталды. Көп жұмыс жасадық. Бірнеше кездесу өткіздік. Осының барлығы командамызды күшейте түсті. Соңғы ойынды украиналық «Днепр» командасымен өткіздік. Өздеріңіз білетіндей, «Днепр» командасы - Украинаның өте жақсы командаларының бірі. Еуропа Лигасының финалында ойнаған ұжым. Қандай құрамда болса да, тарихы бар команда. Ендігі уақыттағы жоспарымыз: екі жиында жасаған жұмысымызды Қазақстан чемпионатында іске асыру. Біздің мақсатымыз тек қана жоғары Лигаға шығу,-деді команда капитаны Бауыржан Омаров.