11 Наурыз 2019
604

Төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті

 

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгіновтың төрағалығымен облыс аумағында көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша БҚО төтенше жағдайлар департаменті қызметі, қала әкімдігі мен құзырлы мекемелер басшыларының қатысуымен кеңес отырысы өтті.

 

 

Сондай-ақ өңірдегі қалыптасқан жағдайды талқылауға арналған жиынға «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының бас директоры Марат Қынатов қатысты.

 

Айта кетейік, өткен жылдармен салыстырғанда биылғы жылы облыс аумағында қар өте көп түскен. Дәл мұндай құбылыс осыдан 30 жыл бұрын тіркелген. Қар жамылғысы көпжылдық орташа көрсеткіштен 1,5-3 есеге артып отыр. Ал қардың ылғалдылығы орташа нормадан 50-100 %-ке артық.

 

-Былтырғы жылы облыс аумағында 211 мың текше метр қар шығарылған болса, биыл бұл көрсеткіш 1 миллион 200 мың текше метрді құрап отыр. Яғни, бір жыл бұрынғы мөлшерден 6 есеге артқан. Облыс орталығынның өзінде 5 қар шығаратын орын толып, 6-шы жерден карьер ашылды. Қала көшелерінен қар және еріген қар суын сорып, шығару жұмыстары күні-түні жүргізілуде. Алғаш рет қысқы сенбілік ұйымдастырылып, оған қаладағы бірқатар мекеме-кәсіпорындар қызметкерлері, студенттер мен ерікті жастар ұйымшылдықпен қатысты. Соңғы күндергі жауын-шашынның салдарынан ылғал тіптен күшейе түсті. Сондықтан су тасқынының алдын алу жұмыстарын күн санап күшейте береміз. Бұл жерде екі мақсатты көздеуіміз керек. Біріншісі көктемгі тасқынды зардапсыз өткізу болса, екіншіден өзен арналарынан артылған суды ауыл шаруашылық саласына оң ықпалын тигізетіндей етіп пайдаланып қалуымыз керек,-деді облыс әкімі.

 

Марат Қынатовтың айтуынша, NASA ғарыш серігінен түсірілген суреттер наурыз айының басында БҚО-дағы қар жамылғысын 100 % деп көрсетсе, он күннің ішінде бұл көрсеткіш 85 %-ға түскен. Сондай-ақ жүргізілген болжамдарға сәйкес қардың тез еруі наурыз айының 16-20 күндеріне сәйкес келіп тұр.

 

Кеңесте көлдер мен жыралардың арнасын қардан тазарту, өзендерде мұз қабаттарын кесу, автожолдар бойындағы су өткізгіш құбырларды тазарту жұмыстарының жайы да талқыланды. 

 

 

 

ФОТО: Александр Куприенко