13 Наурыз 2019
534

Облыс әкімі ақынмен кездесті

 

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірімізге танымал ақын, белгілі қаламгер Дариға Мұштановамен кездесіп, өнер иесін мерейлі жасымен құттықтады.

 

 

-Сіз талантыңыз бен еңбегіңіздің арқасында осы жасқа абыроймен жетіп отырсыз. Еліміз егемендік алмаған кездің өзінде айтыс сахнасына шығып, қоғамның кемшін тұстарын халыққа шынайы жеткізіп, талай додаларда өза шапқансыз. Ол кездері қазақтың салт-дәстүрі мен киелі домбырасының да, керек десеңіз тілінің де ұмытыла бастаған кезі болатын. Бүгінгі таңда жоғалтқанымыз қайта оралған заман орнады. Көп ұлтты халқымыз бірлік пен татулықтың арқасында бейбіт заманда өмір кешуде. Сөздің құдіретін түсінетін халықпыз. Сіз сол өз сөзіңізбен, өлең шумақтарыңызбен қоғамды бірлікке шақыруға, өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беруге үлкен үлес қосып келесіз. Сол еңбегіңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз. Деніңізге саулық, отасыңызға бақ пен береке тілеймін,-деді облыс әкімі.

 

 

Сондай-ақ кездесу барысында қазіргі қоғамдағы ахуал, мәдениет саласының жайы мен жастар тәрбиесі туралы ой пікірлер айтылды. Соның ішінде өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу, жарық көріп жатырған кітаптардың мазмұнына мән беру жайлы әңгіме қозғалды.

 

Мерейтой иесі өз кезегінде туған күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірген облыс әкіміне зор алғысын айтты.

 

 

ФОТО: Темірболат Тоқмамбетов