13 Наурыз 2019
411

БҚО-ға үкіметтің ақпараттық-түсіндіру тобы келді

 

Бүгін ҚР Премьер – Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкіметтің әлеуметтік блогының бірінші басшыларынан құралған жұмыс тобы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық»  жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін облысқа келді.


Жұмыс тобының құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев, Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова,  Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М.Жайымбетов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қ.Рыскелдинов, «НұрОтан» партиясының хатшысы Қ.Жұмашев бар.


Облыстағы іссапарын Орал қаласындағы  «Смарт Орал»  халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысудан бастаған вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев орталық қызметіне жүгінуші жұртшылықтың өтініш-пікірлеріне де құлақ асты.


-2018 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында 1 млн. 240 мың қызмет көрсетілсе, 699 мың қызмет электронды форматта ұсынылған. 192 мың тұрғын электронды қолтаңба алып, 171 мың адам мобильді қызмет көрсету базасына тіркелген. БҚО-ның Халыққа қызмет көрсету орталықтары биылғы екі айда 231 мың қызмет ұсынса, оның 100 500-і электронды түрде алынған. 48 900 адам қызмет көрсету базасына тіркелген. Қазір азаматтарға 752 қызмет түрі көрсетіледі,-дейді Халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Бауыржан Канешев.


Еліміз бойынша қанатқақты жоба ретінде біздің облыста алғашқы болып ашылған «Смарт Орал» халыққа қызмет көрсету орталығының басты ерекшелігі –мұнда 752 мемлекеттік қызмет түрінен бөлек, біртерезе қағидатына сәйкес құқық қорғау органдарымен ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, заңгерлер, нотариустар менмедиаторлар да қызмет көрсетеді. Басты мақсат –мемлекеттік қызметтерді оңтайландырып,  халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және мемқызметтерді қарау мен көрсету мерзімін қысқартып, әкімшілік кедергілерді азайту. 500-ден астам мемқызметті электронды қолтаңба арқылы алуға болады.


Жұмыс тобының мүшелері Орал қаласындағы жұмыспен қамту орталығы мен зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының бөлімшесінде болды. 2019 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша жұмыс іздеушілер ретінде 1491 адам тіркелсе, мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығынан 1700 адам кеңес алған.


Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қоныспаева жұмыспен қамту орталығы туралы баяндаса, БҚО ақпараттандыру,  мемлекеттік көрсетілетін қызмет және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Нұртазиев Telegram-боттың жұмысымен таныстырды.


Қазір батысқазақстандықтарға Telegram-бот электронды түрде 24 қызмет ұсынады. Оның ішінде ең сұранысқа ие анықтамалар мекенжай анықтамасы, наркологиялық, психоневрологиялық, туберкулезге  қарсы диспансерлердің, жылжымайтын мүлік жөніндегі анықтамалар бар.


Telegram каналда әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға қарапайым он сауал қойылған. ЖСН, мекенжайы, жұмыс орны, отбасындағы балалар саны, қандай көмекке зәру екендігін көрсете алады. 8 наурыз күні іске қосылған бұл канал арқылы бүгінде 482 адам өз мәліметін қосқан, оның 277 көп балалы отбасы. Ал интернеті нашар ауылдар үшін бұл мәліметтерді ауыл әкімдіктері толтырып жібереді.


Бұл қызмет түріне вице-премьер Г.Әбдіқалықова да, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев та қызығушылық танытып, оң бағалады.


Еске сала кетсек, Үкіметтің әлеуметтік блогының бірінші басшыларынан құралған жұмыс тобы ертең де облысымызда болып, жұмыс сапарлары бірқатар ауданда жалғасады.

 

 

Фото:  А.Куприенко