13 Наурыз 2019
414

«Ауыл шаруашылығын дамыту үшін барлық жағдай жасалады»

 

Үкіметтің әлеуметтік блогының бірінші басшыларынан құралған жұмыс тобының қатарындағы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов  өңіріміздегі «Аквамәдени тәжірибелік-өндірістік оқу-ғылыми кешені» ЖШС-да болды.

 

Бекіре балықтарын өсірумен  айналысатын аталмыш зауыт 2017 жылы жұмысын бастаған болатын. Бүгінде барлық технологиялық үрдіске толық бақылау орнатылып, балықтардың өмірін сақтай отырып, қара уылдырық алу, оны өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш зауыттың жұмыс барысымен танысқан Қайыр Рыскелдинов мұндай инновациялық өндіріс жоғары рентабельділігімен, болашағының жарқындығымен ерекшеленетінін атып өтті.

 

-Сіздердің облыстарыңызда бекіре балығын өсірумен айналыстан бұл зауыт еліміздегі ең ірі инновациялық жоба десек те болады. Осы нысанды іске қосуға 4 млрд.200 млн.теңге қаржы  жұмсалған болса, соның 20 пайызы Ауылшаруашылығы министрлігінің бюджетінен бөлінген болатын. Зауыттың жұмысы көңілімнен шықты, - деп қысқа қайырды Қайыр Рыскелдинов журналистерге берген сұхбатында.

 

Бұдан кейін Қайыр Өмірсадықұлы облыстық ветеринария басқармасына бас сұғып, сала мамандарымен кездесті.

 

Жуырда «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ауыл - ел бесігі» деген жобаны жүзеге асыруды тапсырған болатын. Аталған жобаны ауылдық аймақтарды жаңғырту және агроөнеркәсіп кешенді дамыту бойынша екі базалық бағытта іске асыратын боламыз. «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2022 жылы өнім экспортын екі жарым есеге арттыру міндеті қойылды.Шағын және орта шаруашылықты дамыту  «Сыбаға» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие беріледі. Осы «Сыбаға» бағдарламасының арқасында елімізде малдың саны көбейіп келеді. Мәселен, өткен жылы ірі қара сатып алу жоспары 50 мың басты құрады. Алдағы 10 жылда сүт өндіру көлемін 10 млн.тоннаға жеткізу көзделіп отыр. 2027 жылға дейін бірнеше сүт фирмасын ашу жоспарлануда. Өз кәсібін ашып, ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін әр азаматқа біз қашанда қолдау білдіреміз. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін барлық жағдай жасалады, - деді мінберге шығып, өңірімізге сапарлатып келгендегі мақсатын айтқан Қайыр Рыскелдинов.

 

Жиында сондай-ақ БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ринат Шауенов осы күнге дейін атқарған жұмыстарын қысқаша баяндап берді.

 

Есенжол Елекенов,

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов