13 Наурыз 2019
476

Үкімет мүшелері оралдықтармен кездесті

 

Елбасы Н. Назарбаевтың жаңа әлеуметтік қамқорлық бастамаларын іске асырудың жай-күйін түсіндіру мақсатында өңірде жұмыс сапарымен жүрген Үкімет мүшелері облыстық мәслихаттың мәжіліс залында жұртшылықпен жүздесті.

 

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған әлеуметтік салаға жауапты министрлердің, атап айтсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің, «Nur Otan» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашевтің халықтың мұң-мұқтажына құлақ асуға келгенінен  хабардар болған үш жүзге жуық оралдық келді жиынға.

 

-Үкімет мүшелерінің өңірге келуі Елбасының жаңа әлеуметтік талаптарының сапалы әрі тиянақты жүргізілуіне септігін тигізеді деген зор сенімдеміз.

 

Тұрмысы төмен отбасыларға арналған жәрдемақының 1 сәуірден бастап беріле бастайтыны тұрғындарымыздың көңілінен шығып отыр. Облыста 6912 аз қамтылған көп балалы отбасы бар, бұл отбасыларда 28253 бала тәрбиеленуде. Мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тұжырымдамасына сәйкес былтыр 16 мыңға жуық азамат қолдау алған болса, биыл 25 мыңға жетеді деген болжамымыз бар» дей келе облыс әкімі Алтай Көлгінов алғашқы сөз кезегін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға ұсынды.

-Біздің басты мақсатымыз – өңірлерді аралап, әлеуметтік қамқорлық аясындағы соңғы өзгерістерді халыққа түсіндіру. Сонымен қатар азаматтарды әлеуметтік мәселелері бойынша қабылдап, туындаған мәселелерді жергілікті әкімдермен бірлесе отырып шешу. Әлеуметтік қамқорлық бағытындағы өзгерістерді үш топқа бөліп айтар болсам, біріншіден, аз қамтылған отбасыларға көмек беру мен ең аз жалақы алатын қызметкерлерді қолдау. Екіншіден, баспана мәселесін шешу және білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы қызмет көрсету сапасын арттыру. Үшінші бағыт – өңірлерді дамытуға қатысты іс-шаралар кешенін қамтиды,-деді Гүлшара Наушанқызы.

Динара Жұмабекқызы,

сурет А.Куприенко