13 Наурыз 2019
346

БҚО-да 1134 көп балалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұр

 

Бұл жайлы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов айтты.

 

Оның мәлімдеуінше, елімізде 340 мың көпбалалы отбасы болса, солардың 28 мыңнан астамы баспана кезегінде тұр. Жыл сайын алты мың пәтер, 2025 жылға дейін 40 мың жалдамалы пәтер пайдалануға берілмек. Батыс Қазақстан облысында 1134 көп балалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұрса, 2019-2025 жылдары 1613 пәтер салу жоспарланған. Мархабат Жайымбетов көп балалы отбасыларға тұрғын үй сатып алу үшін берілетін жеңілдетілген несие шарттарын да түсіндіріп өтті. «Nur Otan» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев болса, «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі», «Бақытты отбасы» және «Халыққа көмек» Бірыңғай әлеуметтік терезе» партиялық жобаларының мақсат-міндеттеріне тоқталды.     Бұдан соң Үкіметтің жұмыс тобының мүшелері тұрғындардың өтініш-тілектері мен ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Бас-аяғы жиырмадан астам азаматтың, олардың басым бөлігі көп балалы аналар, мәселесі тыңдалды. Микрофонға иек артқандардың дені атаулы әлеуметтік көмек, баспанамен қамту, әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және қайтарымсыз грант алу сияқты мәселелерді көтерді. Бірқатарына лезде жауап қайтарылса, бірқатарымен министрлер жеке-жеке тілдесті. Эмоцияға беріліп, қызбалыққа салынғандар да, жөн-жосықты сабырмен түсіндіріп, мәселені байыппен шешкендер де болды. Министрлердің қабылдауына жазылған жұртшылықтың қатары жиын аяқталған соң да толастамады.

 

Динара Жұмабекқызы,

 

сурет А.Куприенко

 

zhaikpress.kz<