14 Наурыз 2019
664

Үкімет мүшелері бәйтеректік отбасының шаңырағында болды (СУРЕТ)

 

Бүгін Бәйтерек ауданының орталығы Переметный ауылына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен келді.

 

 

Вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова бастаған топ алдымен Бәйтерек аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмыс барысымен танысты. Орталықта аға буын өкілдерімен кездесіп, жиналғандарды Көрісу айт мерекесімен құттықтады.

 

Премьер-министр орынбасары өз сөзінде Үкімет мүшелерінің өңірлерді аралауының басты мақсаты – аз қамтылған отбасылардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, қордаланған мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысу екендігін атап өтті.

 

- Кешеден бері Гүлшара Наушақызы бастаған Үкімет мүшелері Сіздердің өңірлеріңізде жүрміз. Бүгін Сіздердің аудандарыңызға арнайы келдік. Былтырғы жылы аудандарыңыз жаңа атауға ие болды, құтты болсын! Бәйтеректің – қазақ үшін маңызы ерекше.

 

Біздің басты мақсатымыз – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға, қарияларға қолдау көрсету – басты міндетіміз. Ал, он екі мүшесі сау адам, соның ішінде жастар міндетті түрде жұмыс жасауы, еңбек етуі тиіс. Өкінішке орай, кейінгі кезде жастар жалқау боп барады. Жастардың бәрі бірдей қалада тұрғысы келеді, ауылда қалғысы келмейді. Осы мәселе ойлантуы тиіс. Еңбек етемін деген адамға ауылда да жұмыс бар. Ауылдардың жағдайлары жақсы. Кез келген ауылда табиғи газ да, су да, жол да, бәрі де бар. Сол себепті жастар мәдениетті, тәртіпті, еңбексүйгіш болып, ұлттық құндылықтарын сақтауы тиіс, - деді Бердібек Сапарбаев.

 

- Қазіргі уақытта аудан бойынша 87 отбасыға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Алдағы 1 сәуірден бастап 450 отбасы қосымша келеді деп жоспарланып отыр.

 

Аудан бойынша 756 көпбалалы отбасыға әлеуметтік карта толтырылып, қажеттіліктері анықталды. Бұл жұмыстар әлде де жалғасын табатын болады, - дейді Бәйтерек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Болатбек Ахметжанов.

 

Ауыл ақсақалдары болса, өткен жылы Елбасының Жарлығымен аудан атауының Бәйтерек болып өзгергендігін, бірлігі бекем, тірлігі тиянақты екендігін мақтанышпен жеткізді.

 

Жұмыс тобы мүшелерімен кездесуде аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Мәлік Сейсенбайұлы, аудандық келісім кеңесінің төрағасы Қадырбай Абдушев, еңбек ардагері Сатыбалды Төлегенов болды.

 

Одан соң Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев переметныйлық Оңғарбай Абылаевтың шаңырағында болып, нәпақасын еңбекпен тауып отырған отбасының шаруашылығымен танысты.

 

Гүлшат Иманқұлқызының иелігіндегі «Жансая» жеке кәсіпкерлігі мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде 5 бала тәрбилеп отырған Абылаевтар отбасының тірлігі көпке өнеге.

 

Вице-премьер Гүлшара Наушақызы мен министр Бердібек Мәшбекұлы бастаған топ отбасы ауласында орын тепкен цех жұмысымен де танысты. Цехта құрт жасайтын станок жұмыс жасайды. Бұл орында сүт өнімдерінен түрлі тағамдар дайындалады.

 

- Біз 2008 жылы Өзбекстан Республикасынан көшіп келдік. Бүгінде жағдайымыз жақсы. Иелігімізде 8-9 бас ірі қара малы бар. Алғашында жолдасым Гүлшат Мұратқазиева екеуміз «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаражат алып, жұмыстана бастадық. Ет, сүт сатамыз. Сүттің литрін 200 теңгеден, еттің келісін 1500 теңгеден сатамыз. Өткен жылы 1 млн. 500 мың теңге грант ұтып алдық, – дейді отағасы Оңғарбай.

 

Отбасындағы кішкентай қыз Жансая Оңғарбайқызы – мектеп оқушысы, 5-сыныпта оқиды, оқу озаты. Сабақтан қолы қалт еткенде анасына қолғабыс етеді.

 

- Мен де күніне 4 үстел тақтайшасында құрт жасаймын. Әр үстел тақтайшасында шамамен 100 құрттан болады. Анам да, әкем де менің үшін қуанышты, - дейді балғын қыз Жансая.

 

Абылаевтар отбасының тыныс-тіршілігіне сүйсінген Үкімет мүшелері құралақан келмегендігін көрсетіп, елорданың дәмін тарту етіп және отбасының еңбекқорлығына риза болған Бердібек Сапарбаев отанасы Гүлшаттың қолынан құрт сатып алуды да ұмытпады.

 

Кішкентай Жансаяның оқуда озат, өнерде оқ бойы алда екендігінен хабардар болған Үкімет мүшелері бүгінгі ұрпақ Жансаядай білімді, еңбексүйгіш болса екен деген тілегін білдірді.

 

Одан соң Үкімет мүшелері қора-қопсы жайымен де танысуды жөн санады. Жарық та жайлы, жылы қорадағы ірі қараның әр қайсысын көзбен шолып, олардың төлдеріне де назар аударды. Қожайыннан мал азығының жай-күйін біліп, еңбегіне табыс тіледі.

 

Сапар барысында Үкімет мүшелерімен облыс әкімі Алтай Көлгінов пен аудан әкімі Асхат Шахаров бірге жүрді.