14 Наурыз 2019
616

Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова Дариян мектебінде мұғалімдермен кездесті (СУРЕТ)

 

Бүгін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшиденова Бәйтерек ауданына қарасты Дариян ауылындағы мектеп-гимназия интернатының тыныс-тіршілігімен танысты.

 

 

Министр алдымен ІТ сыныбында екі тілде жүргізіліп жатқан сабақтарды көрді. 8-сынып оқушылары Жандос Мұхамбет, Ерік Еркінғали, Махамбет Камаледин, 9-сынып оқушысы Нұржігіт Айтмағамбетов, 4-сынып оқушысы Ақнұр Серік 3D принтермен жұмыс, өлшемді модельдеу, скретч бағдарламасымен және роботтың техникалық жұмыстарын көрсетті. Күләш Ноғатайқызы жаңартылған білім мазмұны бойынша химия пәнінің мұғалімі Роза Кенжеғалиеваның сабақ беру тәсілін көріп, ризашылығын білдірді.

 

Мектептің спорт залының да жай-күйін назардан тыс қалдырмады.

 

 - Біздің басты мақсатымыз – жергілікті жердегі мектептердің жағдайын өз көзімізбен көру болатын. Осы жоспармен Сіздердің ауылдарыңызға арнайы атбасын бұрып, заманауи үлгідегі мектептің тыныс-тіршілігімен танысуды жөн көрдік.

 

Сонымен қатар жергілікті жерлердегі білім бағдарламасының орындалуын да назардан тыс қалдырмауды ұйғардық. Жалпы, жаңа үлгідегі білім ошағы мен білім беру жайы көңілімнен шықты. Өздеріңіз білесіздер, маңызды мәселелердің бірі – ұстаздардың 18 сағаттық жүктемесі, олардың құқықтарының қорғалуы. Мұғалімдердің беделін көтеру, білімді мамандарды дайындау, жаңартылған білім жүйесі бойынша кәсіби шеберліктерін шыңдау – басты міндеттердің бірі, - деді Күләш Шәмшидинова ұстаздар қауымымен кездесу барысында.

 

Бұл кездесуде мұғалімдер де өз тараптарынан көкейкесті сауалдарын қойып, жауаптар алды.

 

Жиын соңында сөз алған Дариян мектеп-гимназия интернатының директоры Шолпан Өмірзақова:

 

-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен облыс, аудан басшылығының қолдауымен өткен оқу жылында 300 орынға шақталған жаңа білім ордасында бүгінде 296 оқушы білім алуда. Ұлттық қордан бөлінген 1,1 млрд. теңгеге салынған мектепте білім алуға қажеттінің бәрі бар. Жалпы, мектепте оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Бұрын ескі ғимаратта оқып келсе, жаңа оқу жылынан бастап, сәулетті мектеп үйінде білім мен тәрбие алуға мүмкіндік алып отыр. Бүгінде ұжымда жоғарғы санатты – 8, І -санатты – 13 мұғалім бар. Жалпы бұл білім ордасында 39 ұстаз еңбек етуде. ІТ сыныпта екі тілде сабақ жүргізіледі. Арнайы мамандар кәсіби біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Мектеп жанындағы интернат үйінде негізгі мектепті бітірген 13 оқушы тәрбиеленуде. Бұл да ауыл балаларына жасалған жағдай. Сонымен қатар мектеп бұрыштарында үзіліс кезінде оқушыларға оңтайлы болу үшін адалдық және шексіз оқу орталығы, дүкеншісі жоқ дүкен, яғни қайырымдылық жәшігіне түскен қаржыны тұрмысы төмен отбасыларға қолұшын беруге жұмсалады, - деді.