14 Наурыз 2019
700

«Жаңа ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды»

 

Білім министрі Күләш Шәмшидинова Орал қаласындағы №33 мектепте болып, білім ұясының жағдайымен танысты.

 

 

Мектептің ғимараты 1935 жылы салынған. Негізі 280 бала оқытуға арналған білім ұясында бүгінде 411 оқушы білім алуда. Ашылғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген мектеп ғимараты әупірімдеп тұр. Электр, жылу желілерінің барлығы тозған. Жауын-шашын күндері ғимараттың төбе шатырынан су ағады, сондықтан төбе сылақтары аңғал-саңғал болып түсіп қалған. Мектепте кабинеттік жүйе жасақталмаған. Кітапхана орны тар болғанымен, онда кітап қоры жеткілікті. Мәжіліс залы 20 орындық, ондағы еденге төселген линолеумнің тозығы жеткен. Шәкірттер үзілісте қуықтай буфеттен тамақтанады. 1-4 сыныптың 177 оқушысына және 38 көп балалы отбасылардың ұл-қызына тегін ыстық тамақ беріледі. Олар кесте бойынша тамақты кезекпен ішеді. Спортзал 1953 жылы қосымша құрылыс ретінде салынған, ескі терезесінен суық жел гуілдейтін болған соң, целлофанмен тұмшаланып қойылған. Министр мектеп ғимаратын аралап, оның жай-күйін көзімен көрді.

 

-2016 жылы «Сенімді сапа» ЖШС-ның техникалық қорытыныдысы нәтижесімен мектебіміз апатты жағдайда деп танылды. Биыл жаңа ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, сараптамадан өтті. Құрылыс жұмыстарына қаржы бөлінуін күтудеміз. Енді мектепті қалалық №2 мектепке көшіру жұмыстары басталды. Төртінші тоқсаннан бастап сол мектепте 2 ауысымда оқитын боламыз. Ата-аналармен, шәкірттермен түсінік жұмыстары жүргізудеміз, - деп түсіндірді министрге мектеп директоры Үміт Ерғалиева.

 

Директордың айтуынша, биыл мектеп түлектері арасынан бір оқушы «Алтын белгіден» үміткер. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ұйымдастырған «Білімді ұрпақ – елге болашақ» атты зияткерлік сайысының жеңімпазы Нұрдәулет Ыбыраев грант иегері, Дәрібай Нұрберген тарих пәні бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауында жеңімпаз атанып, ұстаздарын қуантты. 2018 жылы ҰБТ-ға 18 мектеп түлегінің барлығы қатысып, 85,86 орташа бал жинаған. Сол 18 ұл-қыздың 12-сі мемлекеттік білім гранты иегері атанды. Үштілділік бойынша үш мұғалім білім-біліктілігін жетілдірген. Биология, физика пәндерінен факультативтік сабақтар 9-сыныпта ағылшын тілінде өтуде. Қолға алынған әлеуметтік-танымдық жобалар өте көп. Солардың бірі «Жайық жұлдыздарын білгім келеді» деген жоба бойынша өңірден шыққан төрт ақын-жазушының шығармашылығы таныстырылып, насихатталуда. Мысалға, 6-сынып оқушыларының барлығы Жұбан ақынның «Мен қазақпын» поэмасын жатқа оқиды.

 

Білім және ғылым министрі педагогтардың жұмысына қанағаттанғандық білдіріп, құрылыс жұмыстары мәселесінің назарында болатынын жеткізді.