15 Наурыз 2019
549

БҚО-да полиция қызметкерлеріне арналған тұрғын үй салынады

 

Батыс Қазақстан облысында жуырда жедел қызметтердің бірыңғай колл-орталығы жұмысын бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

 

Пилоттық жобаның көмегімен өңір тұрғындары 112 нөміріне қоңырау шалу арқылы бірнеше қызметпен шұғыл байланыса алады. Цифрландыру аясындағы жобалардың көмегімен қылмыстық істерді ашу мен тергеу бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Қазір қылмыстық істерді тергеу электронды форматта жүргізіледі. Бұдан бөлек, құқық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға да көңіл бөлініп отыр. Саланы реформалау аясында шілдеден бастап  биыл саптық бөлімшелер қызметкерлерінің жалақысы 65, ал жедел-тергеу бөлімшесі қызметкерлерінің жалақысы 55 процентке өспек. Сонымен бірге учаскелік инспекторлардың еңбекақысы да 25 пайызға ұлғаяды. Облыс бойынша 600 полиция қызметкері баспанаға зәру. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында келешекте жас мамандар үшін баспана салу көзделіп отыр.

 

Ерлан Орынбасаров, патрульдік полиция батальонының қызметкері:   

 

- Айлығымызды өсіріп жатыр, бұрын 75 мың алсақ, қазір 94 мың аламыз. Енді алдағы уақытта тағы 65 процентке өседі деп жатыр.

 

Махсудхан Аблазимов, облыстық ПД бастығы:

 

- Қазіргі таңда әкімдіктен қолдау көрсетіліп, 200 пәтер салуға жер бөлінген. Енді сол жерге үй салу мәселесі бойынша құрылыс фирмасымен және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен келісімшартқа отырдық. Сол үйдің салынуы жақын арада көзделіп отыр.