15 Наурыз 2019
616

Татуласу орталықтары құрылуда

 

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың төрағалығымен өңірде Татуласу орталықтарын құру, «Ақжайық адалдық алаңы» жобасының жұмысын жандандыруға бағытталған кеңес отырысы өтті.

 

 

- Елбасымыздың тапсырмасымен еліміздің барлық өңірлеріндегі секілді біздің облыста да Татуласу орталықтары құрылуда. Ол орталықта екі дауласушы жаққа керек көмектер мен қызметтердің барлығы шоғырландырылатын болады. Бұл орталық тұрғындардың уақыттарын үнемдеуге және көрсетілетін көмек түрлерін оңтайландыру мақсатында құрылуда. Қандай ма болмасын түйіткілмен дауласқан екі жақтың мәселесі осы орталықтан шешімін табуы керек. Бұл орталықта медиатор, натариус, адвокат секілді барлық қызмет түрлері орналасуы шарт. Енді дәл осындай аудан орталықтарынан да ашу көзделуде,-деді Ғ.Оспанқұлов.

 

Айта кетейік, Татуласу орталығын құру сот және құқық қорғау органдарына жүгінусіз даулы мәселелерді шешуге шақыратын азаматтық қоғамның өзара іс-әрекетінің жаңа бағытын құрайды.

 

Ал «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасының мақсаты - азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, жемқорлық деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудың қоғамдық ахуалын қалыптастыру болып табылады.

 

Кеңесте  «Ақжайық – адалдық алаңы» жоба аясында облыс орталығы мен аудандарда арнайы құрылған топтар мектептер мен ауруханалар секілді қызмет көрсететін мекемелер жұмыстарына бақылау жүргізу керектігі айтылды.