15 Наурыз 2019
460

Тоң қалың емес

 

Биыл өңірімізде 25 ақпаннан бастап мұз кесу жұмыстары басталды. Деркөл, Шаған өзендерінде 16 мың 760-қа жуық шұңқыр бұрғыланып, 129 470 текше метрді құрайтын мұз кесілген.

 

 

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ақылбек Ахметжанов баян етті. Басқосуда өңірдегі көктемгі су тасқынының алдын алу іс-шаралары талқыланған болатын. Ақылбек Қосманұлының айтуынша, бүгінде облыстағы елді мекендерден 1 млн. 306 мың текше метрден астам қар шығарылған. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Тасқала ауылында Деркөл өзенінің арнасын түзету жұмыстары жүргізілуде. Облыс бойынша көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына барлығы 874 адам және 471 техника жұмылдырылуда. Орал қаласы бойынша 516 адам, 338 бірлік техника және 6 мотопомпа жұмыс істейді. Биыл көктемдегі су тасқынының алдын алу шаралары үшін облыс бойынша резерв 885 млн. теңгені құрайды. Республикалық маңызы бар жолдар бойынша 470 су өткізу құбыры, ұзындығы 7 мың метр 35 су басу учаскесі бар екен.

 

Облыстық және аудандық маңызы бар жолдар бойында 1112 су өткізу құбыры және ұзындығы 2500 метр 62 су басу учаскесі белгілі болып отыр. Теміржолдың бойында ұзындығы 950 метр болатын 32 проблемалық учаске бар. Баспасөз мәслихатына қатысқан «Қазгидромед» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Данияр Исмурзин айтып өткендей, қардағы ылғал қоры да ерекше назар аудартуда. Наурыздың бірінші он күндігінде Тасқала ауданында қардың ылғалдығы 183 мм. болып, қалыптан 10% жоғары көрсеткіш болған. Ал Оралдағы ылғал қоры 113 мм, яғни қалыптан екі есе көрсеткішке ие. Ылғал қоры Бәйтерек ауданындағы Январцев ауылы мен Жәнібек ауданында екі есе жоғары болып тұр. Ал тоңның тереңдігі облыс бойынша өткен жылдардағы көрсеткіштерден айтарлықтай төмен. Ең жоғары көрсеткіш Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында, яғни 68 см екен. Топырақтың қатуы өткен жылмен салыстырғанда орташа 60 см-ге төмен. Өзендердегі ылғал қорының көлемі қалыптан 50-100 пайыз жоғары. Синоптик мамандардың айтуынша, келесі аптада ауа райы жылы болмақ.