18 Наурыз 2019
496

«Қарапайым заттар экономикасын» дамытуға бағытталған кездесу өтті

 

Бүгін Орал қаласында өңірдегі кәсіпкерлік саласын қолдауға арналған кездесу өтті. Аталған жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, агроөнекәсіп кешендері мен өндеу кәсіпорындарының басшылары қатысты.

 

 

Кездесу барысында облыстағы кәсіпкерлікке қолдау көрсету бағдарламаларын жүзеге асыру жайы талқыланды.

 

- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандық өндіріске баса назар аударуды қажеттігін атап өтті. «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуға бағытталған бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарлама отандық тауарлардың өндірісін ұлғайтуға және отандық өнімдерді ішкі нарыққа шығаруға бағытталады. Бұл қолдаудың арқасында жаңа жұмыс орындары ашылады, еңбек өнімділігі мен өнімнің бәсекеге қабілеттілігі артады, қазақстандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуеті де дамитын болады, деді облыс әкімі.

 

Кәсіпкерлік саласын қолдауға елімізде 600 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бағдарламада 15%-тен аспайтын несиелендіру механизімі қарастырылған болса, соның 8%-тін жеке кәсіпкерлік субъектісі есебінен төленетін болады. Қалған несие 7 жылға дейінгі мерзіммен мемлекет есебінен қайтарылады.

 

Кездесу барысында өңірдегі құрылыс индустриясы, жеңіл, тағам және жиһаз өнеркәсібіндегі кәсіпорындары аталған бағдарламаға қызығушылық танытты.

 

Айта кетейік, 2018 жылдың өзінде өңдеу саласындағы жалпы өндірілген өнімнің көлемі 200 млрд.теңгеден асты. Соңғы үш жылда бұл саладағы өнім көлемінің өсімі 73 млрд.теңгені құрады. Ал еңбек өнімділігі 9 %-ке артып, адам басына шаққанда 15 мың доллар шамасына жақындаған. Сонда-ақ, жеңіл өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 30%-ке, дайын метал бұйымдары 72%-ке артқан. Бұған қоса, батысқазақстандық өнімдерінің экспорты 1,3 есеге өсті.