18 Наурыз 2019
611

«Жайық толқынының» үздіктері анықталды

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен облыстық «Жайық толқыны» өлкетану фестивалінің жеңімпаздары белгілі болды.

 

 

Шараны облыстық балалар мен жасөспiрiмдер туризмі және экология орталығы ұйымдастырды.

 

Фестивальге Орал қаласы мен мен аудандардан келген 14 команда, 112 оқушы қатысып, алты бағыт бойынша сынға түсті. «Жас дизайнер» сайысын киімді әсем безендірген бас жүлде теректілік Райхангүл Рафхатқызына бұйырды. Поэзия әлеміне талпынып, өлең шығарып жүрген оқушылар арасынан қаратөбелік Ислам Өтеғалиев суырылып алға шықты. «Жас талант» аталымында аңыз әңгімелер желісімен сахналық қойылым шеберлігімен ерекшеленген оқушылар арасынан ақжайықтық Жарқынай Төлегенова мен Айбол Мизашев үздік атанды. Қолына қылқалам ұстап, өзіндік өрнегін қалыптастырып келе жатқан балғын суретші Александра Федосова (Орал) туындысымен көзге түсті. Аспаз мамандығына үйір Асылжан Серікованың (ОБЖТжЭО) дайындаған тағамы жоғары бағаланды. «Жас шебер» бағыты бойынша шыңғырлаулық қолөнер шебері Гүлбақыт Жалғасбаева бас жүлде иеленді.

 

Фестивальде бірінші, екінші, үшінші жүлделі орындар мен алғысхатқа қол жеткізгендер де марапатталды.