20 Наурыз 2019
674

Біржан Қожақов Елбасының алғысымен марапатталды

 

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов "Ғибадат" ЖШС-ның директоры, «Мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіби демеу» әлеуметтік жобасының авторы Біржан Қожақовпен кездесіп, оған Елбасының алғыс хатын табыстады.

 

- Бүгін Сізге Елбасымыздың алғыс хатын табыстап отырмыз. Мемлекетіміз әр саладағы еңбек адамдарына, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Қоғамда дені сау адамдар жұмыс жасағысы келмей, енжарлық танытып жатқанда, Сіз оларға үлкен өнеге көрсетіп келесіз. Өз кәсібіңізді ашып, өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отырсыз. Сол еңбегіңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Наурыз мерекесінің қарсаңында, ел үшін тарихи сәтте алған марапатыңыз құтты болсын! Деніңізге саулық, еңбегіңізге табыс тілеймін,-деді облыс әкімі.

 

Елбасы атынан ұсынылған алғыс хатта: «Сіз бойыңызға біткен қайсарлықпен қиындықтарды жеңіп, талмай еңбек етіп келесіз. Өзіңіз ашқан шағын кәсіпорында қолөнер бұйымдарымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті құрал-жабдық дайындап, оларға жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отырсыз. Отанымыздың нағыз патриоты ретінде халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге ат салысып жүргеніңіз үшін Сізге алғысымды білдіріп, еңбегіңізге табыс, отбасыңызға амандық тілеймін»,- делінген.

 

Айта кетейік, 35 адамды, соның ішінде 21 мүмкіндігі шектеулі жанды жұмыспен қамтып отырған «Ғибадат» кәсіпорны сандықтың елуден аса түрі мен бесіктің 10 түрін шығарады. Оралдық шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарға Алматы мен Астана секілді қалалардан да тапсырыс түседі екен. Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде ұлттық нақыштағы жиһаздарға деген сұраныс артуда.

 

- Елбасымыздың атынан осындай марапатқа ие болғаныма өте қуаныштымын. Мұндай марапат біздерге қуаныш, жаңа шабыт сыйлап, тың серпіліс беретіні анық. Біздің еңбегімізді жоғары бағалағаны үшін Елбасыға алғыс айтамын,- дейді Біржан Қожақов.

 

 

 

 

 

                                              ФОТО. Александр Куприенко