19 Наурыз 2019
616

Оралдық зияткерлердің жобаларына ғарышкерлер оң баға берді

 

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» тақырыбына арналған ІХ Наурыз кездесулерінің қорытындысында оралдық зияткерлер жүлделі орындарға ие болды.

 

 

Онда еліміздің әр өңірінен жиналған жас зерттеушілер аэроғарыштық инженерия тақырыбындағы 80-нен астам жоба таныстырған болатын. Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Ақылбек Мақсотовтың зерттеуі I орынға лайық деп танылса, 9-сынып оқушысы Эламир Кадыргалеев жүлделі III орыннан көрінді.

 

Тоқтар Әубәкіровтің қолынан марапат алған Ақылбек реактордың 3D моделін, реакция анимациясын жасап шығарған. Реактор арқылы  қазіргі кезде ғарыш айлағына тасталып жатқан көміртегі диоксидінен оттегі және метан алуға болады. Оттегі экипаж мүшелеріне тыныстау үшін, ал метан ракета қозғалтқышқа отын ретінде пайдаланылады. Айта кетейік, Ақылбекке бұл күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алуға жолдама берілді.

 

– Әрине, қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов ағаларымыздың зияткерлік мектеп оқушыларының жобаларына жоғары баға беруі, космонавтика саласының халықаралық сарапшысы Майкл Лутомски және NASA-ның ғылыми зерттеушісі Правин Пратапанмен кездесуіміз әр зияткерге зор шабыт сыйлады. Наурыз оқулары барысында телескоп,  VR-көзілдірік пен планер, парашюттерді дайындау бойынша шеберлік сағаттары да өтті. Менің әр қарсыластарымның жобалары бірегей деп айта аламын, – дейді Ақылбек.

 

Ал Эламир «COSMO-I» жобасында ғарыш ассисстентінің прототипін жасақтаған. COSMO-I –жасанды интеллект жүйелерін бірыңғай жүйеге интеграциялау арқылы техникалық мәселелерді шешуге қабілетті бағдарлама. Ғарыш кемесінің бортында ассистент ретінде қызмет ететін жоба борттағы ақауларды анықтай алады.

 

Жобада ғарыш кеңістігінде планеталарды, астероидтерді және метеориттерді тануға қабілеттіжасанды интеллект үлгісі пайдаланылған, сондай-ақ ол магнит өрісінің, температураның және басқа параметрлердің әсерлерін есептейді.

 

– Байқоңыр ғарыш станциясында ғарыш зымыранының ұшуын өз көзіммен тамашалауға мүмкіндік берген жандарға алғысым шексіз. Менің замандастарымды ғарыш саласының қандай мәселесі алаңдатады, олар қандай зерттеу жүргузіде деген сұрақтарыма жауап алдым. Өз жобамның артықшылығы мен жетілдіру керек тұсын анықтадым. Оралға келе сала жұмысты жалғастырамын,  – дейді Эламир.

 

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ баспасөз қызметінің дерегінше, жас зерттеушілер Халықаралық Ғарыш станциясын қоқыстан тазарту және ғарышкерлердің борттағы жағдайын оптимизациялау –  тамақтану, медицина, арнайы жабдықтау мәселелеріне ерекше назар аударды.

 

Ақылбектің ғылыми жетекшілері – информатика пәнінің мұғалімі Айсұлу Сүлейменова мен xимия пәнінің мұғалімі Алтынбек Жанаxметов. Ал Эламирді ғылым жолына баулып жүрген ұстаздары – информатика пәнінің мұғалімі Жамила Хусанова, физика пәнінің мұғалімі Татьяна Акопова.