21 Наурыз 2019
861

Оралда Ұлыстың Ұлы күні тойланды

 

Бүгін Орал қаласында Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамына орай мерекелік шара ҚР Тұңғыш Президенті алаңында өтті.

 

Алаңда қазақ ұғымындағы қасиетті санмен байланыстыра жеті киіз үй тігілді. «Бақ, береке Наурызым» тақырыбында театрландырылған көрініс басталарда киіз үй есіктері айқара ашылып, жарапазан айтылды. Көріністе аңыз әңгімелер желісінде ән-күймен, бимен көркемделген қойылымдар қамтылды. Сал-серілер думан құрып, жыршылар шаттық көңіл күйді өлеңмен өрнектеді. Ашық аспан астындағы театрландырылған көрініс жеті санымен өрбіп отырды. Жеті жігіт тайқазан көтерді. «Жеті ғашық», «Жеті қасите», «Ұлы даланың жеті қыры», «Жеті ата түгендеу» көріністері қойылды. Тәуке ханның «Жеті жарғысының» елдігімізді бекемдеуге негіз болғаны айтылды. «Жеті қазынаны» қазақтың қалай қадірлегені көпшілікке көрсетілді. Сондай-ақ, жиналған халық алдына түйеме келген Қыдыр ата бата берді. Бұл мерекелік думанға жиналған жұртшылықты облыс әкімі Алтай Көлгінов те құттықтады.

 

- Баршаңызды елдік пен бірліктің, еңбек пен ырыстың, татулық пен түсіністіктің қайнары - Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Дастарқанға ақ толатын, елімізге бақ қонатын бүгінгі арайлы шақты халқымыз «Ұлыстың ұлы күні» деп ұлықтаған. Тәуелсіз мемлекетімізбен бірге жаңғырған Наурыз мейрамы көпұлтты Қазақстан халқы үшін мерейлі мерекеге айналды. Бірлік пен ынтымақтың, саяси тұрақтылықтың нығаюының негізі болды. Кез келген мемлекеттің басты құндылығы  - қастерлі Тәуелсіздігі мен біртұтас ұлт болып бейбітшілігін сақтауы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біз үшін Тәуелсіздіктен асқан мұрат, Мәңгілік Елден асқан мақсат жоқ» деп айтқанын үлгі тұтамыз. Сондықтан ата-баба арманын жалғап, әлемдегі ең ірі дамыған елдер қатарына кіру жолында бар күш-жігерімізді салайық! Ұлыстың Ұлы күнінде  еліміздің ырысы мен ынтымағы нығайып, әр отбасының береке-бірлігі артсын. Ақ мол болсын! Жыл жемісті болсын!, -деді облыс әкімі.

 

Мерекелік шарада облыстық Ассамблея Үйі алдында жайғасқан «Достық ауылында» қолөнер шеберлеренің жәрмеңкесі өтті.  Сонымен қатар, алаңға жиналған көпшілік ұлттық ойындарға қатысып, алтыбақан тепті. Балалар асық атып, атпен серуендеді. Халық алаңда Наурыз көже мен ұлттық тағамдардан дәм татты.

 

Айта кету керек, мерекелік шарада облыс әкімі, Ассамблея мүшелері мен жастар ҚР Тұңғыш Президенті алаңы аумағында 100 жас көшет отырғызды.