21 Наурыз 2019
666

Оралда Достық-Дружбы даңғылы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгертілді

 

– Қайырлы күн, мәслихат  депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері. Сіздерді Ұлысты ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Ежелден атап өтетін көне мерекеміз, төл жаңа жылымыз ерекше тарихи оқиғалармен басталды. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқымызға тарихи үндеу жолдап, президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Қазақстан Республикасының қастерлі тәуелсіздігіне, барлық жетісттікке тұңғыш Президентіміздің қажырлы еңбегі арқасында қол жеткіздік. Елбасының мемлекетке сіңірген еңбегі орасан. Нұрсұлтан Әбішұлы қиын-қыстау кезеңде жаңа елдің іргетасын қалап, көш бастады. Әлем Қазақстанды жас мемлекет болса да, экономикалық даму тұрғысынан бейбітшіл пейілімізге қарап, қалыптасқан мемлекет ретінде қабылдады. Тұңғыш Президент тұсында алғашқы жаңа Президенттік институт, қос палаталы Парламент, мемлекеттік және дипломатиялық қызмет, Қарулы Күштер, азаматтық қоғам институттарын құрды. Олардың барлығы – Тәуелсіз әрі берік елдігіміздің негізі. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқының алдында ант беріп, ҚР Президенті қызметіне ресми түрде кірісті. Жаңа Президент ант бергеннен кейін Елбасы туралы тереңнен сөз қозғады. Елордамыз Астананың және облыс орталықтарындағы басты көшелерді тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев есімімен атауды ұсынды. Біздің қалалық мәслихат сессиясында да, қоғамдық тыңдауда да осы ұсыныс қолдау тапты. Достық-Дружба даңғылын тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев есімімен атауды енді облыстық мәслихат сессиянда қарау ұсынылып отыр, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

 

Әкімнен кейін облыстық мәслихат депутаттары – әлеуметтік, мәдени даму және білім мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрағасы Серік Сүлеймен,  агралық мәселелер, табиғатты пайдалану, ауыл-аймақты дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссияның мүшесі Қатауолла Ашығалиев, қаржы және бюджет мәселелері бойынша Фарид Бахтиозин сөйлеп, ұсынысты бірауыздан қолдайтынын айтты. Сессия отырысында «Орал қаласындағы Достық-Дружба даңғылын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп қайта атау» туралы бірлескен қаулы мен шешім жобасын облыстық мәслихат депутаттары түгелдей қолдап, саяси шешімге облыс әкімі Алтай Көлгінов қол қойды.