25 Наурыз 2019
705

Вице-премьер Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді

 

Бүгін өңірімізде арнайы болған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек ең алдымен облыс әкімі Алтай Көлгіновпен бірге су тасқынының алдын алу шараларының жай-күйімен танысты.

 

 

Премьер-Министрдің орынбасарына өңірдегі көктемгі су тасқынының алдын алуда атқарылып жатқан істер туралы БҚО ТЖД басшысы Ж. Жұмашев баяндады.

 

Бүгінгі таңда облыстың қалалары мен аудан - ауылдарынан 1,5 млн. текше метр қар шығарылған (өткен 2018 жылы бұл көрсеткіш 325 мың текше метрді құраған). Күні бүгін Орал қаласы бойынша бұл бағыттағы жұмыстар  атқарылып келді. Сондай-ақ Бәйтерек және Тасқала аудандарында да қар шығару жұмыстары аяқталуда.

 

Сонымен қатар өзен-көлдердегі мұз қабатын бұзу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Орал қаласындағы өзендер бойынша қауіпті деп танылған 18 аумақта мұз қабатын кесу жұмыстары жоспарланған. Өзендердегі мұз қабатын іріту мақсатында ойықтар ойылып, олардың араларын жалғау шаралары жасалуда.

 

Шаған және Деркөл өзендерінде ТЖ департаментінің жеке құрамы, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің күшімен 26 330 шаршы метр (2018 жылы -9280 шаршы метр) ойықтай ойылып, жалпы ауданы 206 мың шаршы метр мұз қабаты кесілген (2018 г. – 190 мың шаршы метр). Оның сыртында 40 095 текше метр еріген қар суы сорылып, шығарылған (2018 жылы – 883 текше метр)

 

Дегенменде, Бәйтерек және Тасқала аудандары әлі де болса қауіпті аумақ қатарында тұр. Бұл аудандардағы барлық елді мекендер Шаған және Деркөл көлдерінің бойында орналасқан. Өткен жылы 87 елді-мекен тасқын суға кету қаупі бар ауылдар санатында болса, биыл бұл көрсеткіш 20 елді-мекенге қысқарған. Ал суға кету қаупі бар ауылдарда тұратын халық саны 36 мыңнан 1 мың адамға азайған.

 

Бүгінгі таңда Орал өзенінен басқа өзен-көлдерде әлі де болса мұз қабаты қозғалмаған. Деркөл, Шаған өзендеріндегі мұз қабатының қалыңдығы 35-40 см, шағын өзендердегі мұз қабаты 50 см құрап отыр. Қар қабатының орташа қалыңдығы 12 см (ең көп қар жамылғысы - 52 см (Тасқала), топырақ қабатының қатуы орташа есеппен 9 см, (ең қалыңы – 34 см (Федоровка), топырақ қабатының ең аз қатуы – 0 см болған (Тайпақ, Тасқала, Январцево).

 

Республикалық маңызы бар автожолдардың бойында 470, ал облыстық және аудандық маңызы бар жолдар бойында 1112 су өткізгіш құбырлар орналасқан. Облыстағы жол саласының қызметтері су шайып кету қаупі бар жол бөліктерін бақылауға алды. Жолдар бойындағы су өткізгіш құбырларды аршу жұмыстары жүргізілуде.

 

Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында облыста жеке құрамның 2443 адамы, 707 бірлік техника, 51 су құралдары болса, күні бүгін 273 адаммен 121 бірлік техника жұмылдырылған. Ал Орал қаласы бойынша 192 адаммен 102 техника жұмыс жасауда.

 

Жалпы облыс бойынша 50 эвакуациялық орын белгіленген болса, оның 28-і облыс орталығында орналасқан.

 

Орал қаласының әкімі М.Мұқаевтың айтуынша, шаһарға қар өткен жылдың 19 қарашасынан бастап жауған. Содан бергі 4 ай бойы күні-түні қар шығару жұмыстары жүргізілген. Қыс айларында бұл жұмыстарға коммуналдық мекеменің 400-ден астам қызметкері мен 350 бірлік техникасы жұмылдырылған. Күні бүгін қала сыртына 1 млн. текше метрдан астам қар шығарылып, еріген қар суын сорып, төгу жұмыстары атқарылуда. Қауіпті деп табылған өзен бойыларындағы 12 жерде мұз кесу жұмыстары атқарылған. Қаладығы суға кету қаупі бар 35 орыннан қар толықтай шығарылды. Бүгінде Ескі қала, Курени, Ет комбинаты, Жұлдыз, Ескі әуежай, Деркөл, Балаусашағын аудандарында қар суын сорып, шығару жұмыстары жүргізілуде.

 

-Жыл сайын қаладан шығарылған қар тек екі полигонға қана сыйатын. Биылғы қыстағы қардың қалың түсуінен 6 полигон толып қалды. Жақында ғана жасақталған жетіншісіне қар төгетін орынның толуы жақын,-деді М.Мұқаев.

 

Өңірдегі гидрометеорологиялық ахуал жайында баяндаған Казгидромет филиалының директоры Н.Шияп бір қатар деректерге тоқталып өтті.

 

Оның айтуынша, 23 наурыздар жерсеріктер арқылы түсірілген фотосурет біздің облыс аумағының 41 % жерінде қар жатқандығын көрсеткен.

 

-Қар қабаты Орал қаласы, Бөрлі, Теректі, Тасқала, Бәйтерек аудандарында сақталуда. Жоғардан сүрілген фото суреттер Тасқалада 48 см, Оралда 33 см қар жамылғысы бар екендігін көрсеткен. Сондай-ақ Тасқала аудан аумағындағы қар жамылғысындағы су қоры 182 мм (қалыпты жағдайда 92 мм), Орал аумағындағы қардың су көлемі 76 мм (қалыпты жағдайда 59 мм) екендігін көрсеткен. Наурыз айының соңына дейін әлі де жауын-шашын күтілуде,-деді Н.Шияп.

 

Жағдаймен танысқан Жеңіс Қасымбек облыс аумағында төтенше жағдай орын алмауы үшін бар күшті жұмылдыру керектігін айтты. Сондай-ақ өңірде көктемгі су тасқынын зардапсыз өткізуге бағытталған ауқымды істерге  Премьер-Министрдің орынбасарының көңілі толды.

 

Сонымен қатар вице-премьер Атоян стадионында сап түзеген төтенше жағдай орын ала қалған жағдайда жұмылдырылатын арнайы техникаларды көріп, Шаған өзеніндегі мұз кесу жұмыстарының барысымен танысты.

 

Шаған су өткізу торабында болған Жеңіс Қасымбекке облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Есқалиев Орал өзенінің трансшекаралық ахуалы туралы баяндады.

 

-Бүгінгі таңда Орал өзен суының экологиялық жағдайы үкіметтік деңгейде талқылануда. Орал өзеніне құятын судың 50% Ресейдің Орынбор қаласы үстінен ағатын Сақмар өзенінен келеді. Трансшекаралық өзен бойындағы су қоймаларынан судың шамадан тыс артып кетуін барынша болдырмау туралы Ресей Федерациясының көршілес облыстарымен бірлескен жоспарлар құрылуда,-деді Ғ.Искалиев.

 

 

ФОТО: Александр Куприенко