25 Наурыз 2019
713

Вице-премьер өңірдегі «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының орындалу барысымен танысты

 

Облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек тұрғын үй құрылысына арналған «Нұрлы жер» және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламаларының жүзеге асу жайын көрді.

 

 

Аталған мемлекеттік бағдарламалардың облыста орындалуы туралы құрылыс басқармасының басшысы А.Қайсағалиев баяндады. Оның мәлімдеуінше, биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында өңірде 2 704 пәтерді құрайтын 20 көп қабатты, аудан-ауылдарда 439 пәтерлі 70 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Көп қабатты тұрғын үйлердің төртеуі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тозығы жетіп, сүрілген үйлердің орнына салынуда.

 

-Биылғы жылы 450 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда,-деді А.Қайсағалиев.

 

Сонымен қатар 833 пәтерді құрайтын, жалпы аумағы 54,2 шаршы метр жалдамалы тұрғын үй әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға арналып салынуда. Орал қаласында осындай 2 көп қабатты (41 және 4 дақ), Ақсай қаласынан бір көп қабатты (38 дақ), аудан- ауылдардан 50 тұрғын үй осы бағытпен салынуда. Сонымен қатар Орал қаласы, Зашаған кентінен 2 көп пәтерлі тұрғын үйді көп балалы отбасыларына арнап салу жоспарлануда. Облыс орталығында 14 үйдің, сондай-ақ өңірдің 5 ауданында тұрғын үй салу үшін жалпы ұзындығы 132,0 шақырымды құрайтын инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуда (газбен қамту – 7,4 км, электр желісі – 112,22 км, су тарту – 5,593 км, кәріз жүйесі – 5,2 км, жолдар салу 1,2 км).    

 

Құрылыс салынатын орындарға «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы қажетті желілер тартылған соң биылғы жылы 1 881 жер телімі тұрғын үй салуға берілмек.

 

Сондай-ақ Орал қаласындағы тозығы жеткен, апатты жағдайдағы сүрілген 4 көп қабатты (37 пәтерлі) тұрғын үйдің орнына 282 пәтерлі 4 көп қабатты үйлер салынуда. Биылғы жылы 408 пәтерлі 5 көп қабатты тұрғын үй салу жоспарда болса, сол үйлердің 40 пәтері апатты жағдайдағы пәтер иелеріне беріледі.

 

 Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбекке 700 гектар жерге салынатын Ақжайық шағын ауданының құрылыс жоспары да таныстырылды.

 

 

Сонымен қатар вице-премьерге «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жол салу жұмыстарының барысы айтылды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М. Шақаевтың айтуынша, биылғы жылы аталған бағдарлама бойынша 155 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар жолдарға күрделі және орташа жөндеулер жүргізілмек. Олардың қатарында «Чапаев – Жалпақтал – Қазталов–Ресей шекарасы» жолын күрделі, «Самара-Шымкент» тасжолы бойындағы Қазақстан–Ресей шекарасындағы «Сырым» өткізу бекеті жолын күрделі жөндеу, «Самара – Шымкент» тас жолының 55 шақырымына орташа жөндеу жүргізу, «Қазталов – Жәнібек – Ресей шекарасы», «Өнеге – Бисен – Сайқын»   жолын күрделі жөндеу жұмыстары бар. Сонымен қатар басқарма басшысы облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстары туралы да айтып өтті.

 

- Биылғы жылдың соңында өңірде сапасы жақсы және қанағаттандырарлық облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 30,2%-ға жеткізу көзделуде,-деді М.Шақаев.

 

Вице-премьер Жеңіс Қасымбек облыстың георграфиялық тұрғыдан жайлы жерде орналасқандығын айтып, атқарылған және жоспарланған жұмыстарға оң бағасын берді. Жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қазақстанның «батыс қақпасының» стратегиялық маңыздылығы туралы баса айтты.

 

 ФОТО: Александр Куприенко